ОҚУШЫЛАР ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА САЯХАТ ЖАСАДЫ

0

Қай кезде де балаларға дұрыс тәрбие мен білім беру қоғам алдындағы ең жауапты іс болып қала бермек. Ал жас ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін оның демалысын дұрыс ұйымдастырып, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау маңызды.

Жуырда Қордай ауданындағы «Bilim Dos» жекеменшік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Игифинованың бастамасымен аталмыш білім мекемесінің төртінші сынып оқушылары сынып жетекшілерімен бірге облыс орталығына саяхат жасады. Экскурсия барысында қордайлық балақайлар шежірелі Тараз қаласының тарихи орындарын аралап, ерекше әсер алып қайтты. «Көне Тараз» мұражайына барған балақайлар түрлі сәулетті қолөнер бұйымдарымен танысып, облыс орталығының қалай пайда болғаны туралы қызықты мәліметтерге қанық болды.
«Балалар жылы аясында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның оқушылар үшін пайдасы өте зор. Тарихи орындар туралы оқыған бір бөлек, көзбен көріп, онда қойылған көне бұйымдарды қолмен ұстап көру сезімі мүлдем бөлек. Балалар мұражай қызметкерлерінің айтқандарын мұқият тыңдап, қайтар жолда сыныптастарымен алған әсерлерімен бөлісіп, көрген-білгендерін өзара талқылап, саяхаттың қызықты өткенін жеткізді. Олардың бал-бұл жанған жүздерін көріп еріксіз көңілің жібіп, қуанып қалады екенсің»,-дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Игифинова.
Мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін ілгерілетуге ықпалы зор екендігін алға тартты ұстаздар.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.