13 ҚЫЗМЕТТІ АВТОМАТТАНДЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

0

Жамбыл облысында цифрландыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыс бағыты негізінен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. Осы жылы «IQALA» модулі арқылы да бірқатар саланың сервистерін автоматтандыру ісі жалғасын таппақ.

«Қала тұрғындары мен бизнес өкілдері үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарының қызметтерін алуды жеңілдету керек. Сол үшін де Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілері қызметтері мен сервистерін автоматтандыру маңызды болып отыр», дейді облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков мәселенің мәнісіне үңіліп.
Оның айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру үшін де табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын қызметтерді автоматтандырудың маңызы зор. Жоба аясында «Тұрғын үй – коммуналдық сектор» модулін енгізу арқылы геопортал алаңында іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде, яғни 2022 жылы Тараз қаласы бойынша 13 қызметті автоматтандыру жоспарланған. «Атқарылатын жұмыстар нақты мақсаттарға негізделген. ТМС қызметкерлерінің автоматтандырылған жұмыс орындары халыққа қолайлы жағдай туғызуы керек. Сонымен қатар Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің қалалық қызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін болдырмауға жұмыс істейміз. Сондай-ақ Тараз қаласында IT-мамандар үшін бірқатар жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады», — дейді Р.Ноқрабеков.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қызметтер автоматтандырылған жағдайда халықтың да жұмысы жеңілдейді.
«Сервис 13 коммуналдық (қалалық) қызмет бойынша белгілі бір уақыт ішінде бір жерде кеңес алуға және өтінім беруге, бірнеше ұйымның бөлімшелеріне бармай-ақ қызметтер көрсетуге өтінім жасауға және сервис арқылы үйден шықпай шарт жасасуға, кіріс өтінімдері мен ұсынылған жауаптардың өңделуіне мониторинг және талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша қызметтер көрсету сапасын жақсартады. Жұмыс жоспарға сәйкес атқарылған кезде: жеке тұлғалар үшін тұрмыстық тұтынушыны жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызмет көрсетуге, көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерге шарт жасасу; жеке тұлғалар үшін тұрмыстық тұтынушыны жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызмет көрсетуге, жеке қайталама объектіге шарт жасасу; жаңа нысанға жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа қосымша келісім жасасу; жүктемені арттыру/азайту үшін жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызметтер көрсету шартына қосымша келісім жасасу, заңды тұлғалар үшін сумен жабдықтау және/немесе су бұру қызметтерін көрсетуге шарт жасасу; автономды жылытуға техникалық шарттар беру; жеке тұлғалар үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасу; заңды тұлғалар үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасу секілді мәселелер өздігінен шешімін табатын болады», дейді басқарма басшысы.
Біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін еліміз бойынша 100 мыңнан астам IT-мамандарын құру қажеттігін атап өткен болатын. Өңірде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде, өткен жылы он тұрақты жұмыс орны құрылса, 2022 жылдың соңына дейін цифрландыру саласында 35 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
«Цифрландыру саласында қолға алынған жұмыстарды дер кезінде іске асырудың маңызы зор. Өйткені бүгінде сервистерді автоматтандыру арқылы көптеген жұмыс жедел түрде іске асады. Сол бағыттағы жұмысымызды жандандыра түсеміз», дейді Р.Ноқрабеков.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ

Leave A Reply

Your email address will not be published.