Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Мұхашев Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, Масаншы ауылдық мәдениет үйінде Масаншы, Қарасу, Қаракемер, Ауқатты, Сортөбе ауылдық округінің шаруаларымен кездесті.
Мемлекет тарапынан қант қызылшасы өндірісін қолдауға бағытталған шаралардың күшейтілгені жөнінде айтылған жиында Нұржан Мұхашев ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланып, қант қызылшасы егістіктерінің аумағын ұлғайтуға шақырды.
Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді субсидиялау, техника құны, инвестсубсидиялау, ылғалды үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері көтерілді.
Нұржан Мұхашев шаруалар техникасын жаңартып, пайда табу үшін мемлекет тарапынан қант қызылшасының өндірісін қолға алған шаруаларға көмек көрсетіліп, тиімді сатып алу бағасын қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Қант қызылшасы өсіру перспективалары туралы пікірлерін алға тартқан шаруалар өнімділіктің ұлғаюына, сәйкесінше пайданың артуына тікелей себеп болатын агротехнологияларды сақтау маңыздылығын атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысында қант саласын дамыту кешенді жоспарына сай, қант қызылшасының егістіктерін ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Жоспар бойынша қант қызылшасының алқаптарын ұлғайту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді енгізу, ылғалды үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын өңдеу бойынша қолда бар қуаттылықтың технологиялық қайта жабдықталуы көзделген.