НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ СУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫН СЫНҒА АЛДЫ

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовтың қатысуымен өткен кеңесте Еуропалық қайта құру және даму банкінің жобалары бойынша су каналдарын жөндеу-құрылыс жұмыстарының мәселелері қаралды.

Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Меркі аудандарындағы су каналдарын, дренаждық жүйелер мен су нысандарын қайта жаңғырту бойынша 34 жоба жүзеге асуда. Жобалардың жалпы құны 26,5 миллиард теңгені құрайды десек, бүгінгі таңда оның 12,8 миллиард теңгесі игерілген. Қазіргі таңда 91 каналды (380,9 шқ), 321 су нысандарын, 33 құдықты жөндеу жұмыстары аяқталған. 173 каналдың жөндеу жұмыстары жалғасуда десек, олар келер жылы аяқталмақ. Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша 53,965 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда (23,9 мың га қалпына келтірілді).
Облыс әкімі бірқатар каналдар бойынша жөндеу жұмыстарының әлі күнге аяқталмай отырғанын сынға алды.
— Жалпы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Мердігерлер жыл соңына дейін жұмыстың 85-90 пайызын орындаймыз деп уәде берген. Жаңа вегетациялық маусым басталғанға дейін барлық нысандар тапсырылуы керек еді. Бізге сылтау емес, нақты нәтиже керек. Қаржыға қатысты барлық мәселелер шешілген. Мердігерлерге құрылыс жұмыстарын кешіктіруге ешқандай себеп жоқ, — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы әр жоба бойынша мердігерлерден жеке-жеке жауап алды.
— Ауыл тұрғындары таңертеңнен кешке дейін алқапта жұмыс істейді. Олар бір күнді де босқа өткізбеуге тырысады. Шаруалар үшін судың дер кезінде берілгені маңызды. Ал, сіздер кабинетте отырып, құжаттарды реттей алмай отырсыздар.
Вегетациялық кезең басталғанға дейін жұмыс 100 пайыз аяқталуы тиіс. Біздің негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, — деп түйіндеді облыс әкімі.
Компания өкілдеріне жұмыс кестесі бұзылған және өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда олармен келісім-шарт бұзылатындығы ескертілді.
Нұржан Нұржігітов аудан әкімдіктеріне жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды.

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызмет

Leave A Reply

Your email address will not be published.