ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ

0

Діни экстремизмнің зорлық-зомбылығынан, терроризм қауіптерінен адам-ның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, қамтамасыз ету өзектілігі елімізде күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Онымен күресте артылар салмақ, жүк, жауапкершілік жеңіл емес. Мұның барлығына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында назар аударып, ең бастысы елдің тыныштығын қашыратын, татулығымызға сына қағатын, тәуелсіздігіміз бен қарапайым халықты қауіпте ұстайтын кесапаттан сақтану ісіне ел-жұрт болып жұмыла кіріскеніміз абзал.
Осының бір айғағы, жақында Кенен ауылдық мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімшесінің өкілдері және ауылдық инспектор бірігіп «Терроризм және діни эскремизм» тақырыбында тұрғындармен жиын өткізді. Онда терроризмді дінмен байланыстыруға болмайды. Көп жағдайда, террористер өз мақсаттарына жету үшін жымысқы ұрандармен атойлап шығады. Олар дінді теріс бұрмалап, белгілі бір жағдайларда «діни терроризм» деген ұғымды көпшілік ортада қалыптастыруға тырысып бағады, деген ойлар айтылды.
Кездесу барысында шығып сөйлегендердің пікірі осы бағытта өрбіді.
Жиында талқыланған мәселенің мәні терең ашылу үшін бүлдіргіш күштердің қауіпті әрекеттері туралы көптеген жайлар сөз болды. Сонымен бірге, мамандар қатысушыларға жалған ағымдағылардың іс-әрекеттері, олардан бойды алыс ұстау қажеттігін ескертті.
Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр.
Бүгінгі күнде рухани жаулап алу, дінді бетперде ретінде пайдалана отырып теріс идеяларды жастар арасында белсенді тарату көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идеологиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін жолында жүргендерді басқалардан жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал мұндай идеологияның әртүрлі діндерді ұстанатын көп этностан тұратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мәдени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады. Осының алдын алу үшін діни сауаттылық, терроризмнің алдын алу жұмыстарына аса мән бергеніміз абзал.

Кенен ауылдық округі әкімінің аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.