МЕРИТОКРАТИЯ ҚАҒИДАТЫМЕН 160 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЛАУАЗЫМЫ ЖОҒАРЫЛАҒАН

0

Жамбыл облысында кадрлық саясатты жүзеге асыруда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, меритократия және кәсібилік қағидаттарына айрықша назар аударылуда.

ҚР Президенті өз сөзінде «Мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтарды аламыз»,-деп атап өткен болатын.
Айталық, өткен жылдың кейінгі тоғыз айында (сәуір-желтоқсан) өңірдің жергілікті атқарушы органдарында барлығы 470 тағайындаулар жүргізілген. Есепті кезеңде жоғары тұрған лауазымдарға төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан конкурстық негізде жылжыту және заңнамаға сәйкес басқа да тағайындаулар бойынша меритократия қағидатын нығайту қамтамасыз етілді. Жоғары тұрған лауазымдарға ауысқан қызметкерлердің орташа жасы – 36,9.
Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар бойынша лауазымдық өсу – іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, меритократия қағидаты арқылы 160 мемлекеттік қызметші (33,8%) жоғары тұрған лауазымдарға орналасты. Олардың қатарында аудандық деңгейде салалық бөлім басшылықтан аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілген Рақымғазы Куньязов (Жуалы), Нұрсұлтан Нәрікбаев (Меркі), Бақыт Бетбаев (Шу) бар. Сондай-ақ, облыстық деңгейдегі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыс әкімі аппаратының бес бөлімінің басшысы, бес басқарма басшысы және сегіз басқарма басшысының орынбасары да осы тізімде.
Атап өту керек, өткен жылдың сәуір айынан бүгінге дейін 5 басқарма басшысы және облыс әкімі аппараты басшысының бір орынбасары аудан әкімі лауазымына тағайындалды. Олар: Меркі ауданының әкімі болған Жорабек Баубеков, Жуалы ауданының әкімі болған Жалғас Мұртаза, Т.Рысқұлов ауданының әкімі болған Ернар Есіркепов, Талас ауданының әкімі болған Нұрбол Жүнісбеков, Қордай ауданының әкімі болған Бегзат Болатбеков, Шу ауданының әкімі болған Бақытжан Жәнібеков.
Осы орайда облыстық деңгейде тәжірибе жинаған кадрлардың әлеуетін аудандардағы мәселелерді шешу, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға жұмсауға мүмкіндік беріліп отыр.
Ал, бұған дейін Шу ауданының әкімі болған Сәкен Арубаев ҚР Парламенті сенатының депутаты болып сайланса, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек облыс әкімінің орынбасары, Т. Рысқұлов ауданын басқарған Ерболат Садырқұлов облыс әкімінің кеңесшісі лауазымдарына тағайындалды.
Бұдан бөлек, облыстың 3 ауданын және Тараз қаласын басқарған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына көтерілді.
Сонымен қатар, республикалық деңгейде ұзақ жылдар тәжірибе жинаған кадрларды өңірге тарту ісі де назардан тыс қалған жоқ. Бір кездері облыстың әлеуметтік-саяси саласында, кейіннен осы бағытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қызмет еткен Еркін Үйсімбаев, орталық мемлекеттік органда жұмыс атқарған Ерболат Ибрайханов та облыс әкімінің орынбасары қызметіне келді. Бұл қатарда Астана, Алматы қалаларында қызмет етіп келіп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы – бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып тағайындалған Қайрат Бисембаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов та бар.
Сол секілді, жергілікті ішкі кадрлардың жоғарылауына да айрықша ден қойылған.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.