ТҮЛЕКТЕР ТАҒЗЫМЫ

0

Алғыс – бұл қиындықты иін тіресе бірге еңсеріп, алға жетелеп, жанашырлық танытқан, бір сөзбен айтқанда «жайылса жастанар жастық, көсілсе көлденең көрпе» бола білген жанға шын көңілмен рахмет айту, жүрек жарды жылы лебіз білдіру емес пе.

Арамызда жақсылық жасаудан жарысып, әрдайым сауапты істердің ортасында жүретін шынайы алғыс айтуға лайықты азаматтар көптеп кездеседі. Бұрынғы №6, қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің түлектерін осындай кең пейілді, ақ ниетті жандар деп айтуға болады. Мектеп тарихында алғаш рет, ризашылыққа толы, сазды әуен, мазмұнды әңгімемен өрілген 1 Наурыз — Алғыс айту күнінде «Алғысым шексіз» атты «ашық есік күні» өтті. Шараға осы білім ордасынан қанат қағып ұшып, үлкен өмірде өз орындарын тапқан түлектер және ардагер ұстаздар қатысты. Алдын ала жоспарланған бағдарламаға сәйкес, мектеп директоры Ардагер Керімбаев түлектерді жаңа мектеп ғимаратының заманауи стандарттарға сай жабдықталған оқу кабинеттерін, кітапхана, спорт зал, асхана, мәжіліс залын көрсетіп, түлектер мерекелік концертті тамашалады. «Жомарт түлек», «Мектепке тағзым» жобалары аясында 2004, 2008, 2011, 2015 жылдары мектепті аяқтаған түлектер және қазіргі 4 «А» сынып ата-аналары ұйытқы болып мектепке стенд, төсеніш кілем, микрофондар сыйға тартылды. Осы күні мектепте қонақта болған ауыл ақсақалы Темірхан Нисанбаев пен ауыл имамы Нұрмұхамед Кеулімжаев мектеп басшылығына өнегелі ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне алғыс айтып, көпке үлгі боларлықтай ерекше іс-шара қатысушыларына бата берді.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.