Жыл сайын елімізде 1 қазан – Халықаралық қарттар күні кең көлемде аталып, аға буын өкілдеріне сый-құрмет көрсетіледі. Биыл да дәстүр бойынша аузы дуалы аталар мен ақ жаулықты аналардың еңбегі еленіп, кең көлемді мерекелік шаралар өтті.
Солардың қатарында «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ ұйымдастыруымен 1-қазан Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, қарттар үшін концерт өтті.
Мерекелік шара барысында алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл құттықтау сөз сөйлеп, осы орталықта қызмет алып жүрген қазыналы қарттарға өзінің ізгі-тілегін білдірді.
-Қазақта «Қарттарын сыйлаған елде қасиет бар», «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген даналық сөз бар. «Қарттарым – қазынам» деп қарайтын халқымызда үлкенді сыйлау, ақсақалдың батасын алу – ең басты әрі бұлжымас дәстүр. Біз әрқашан сіздерден үлгі алып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізді бағалаймыз, — деді Нұрболат Ақынғалиұлы.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары орталықтың демеушілерін марапаттап, алғыс білдірді.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет аталмыш мерекемен құттықтап, ақ жаулақты әжелер мен ақ сақалды қарияларға сый-құрмет көрсетті.
Шара барысында аудан өнерпаздары мен орталық қызметкерлері арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, әсем әннен, көркем биден шашу шашты.
Айта кетейік, мерекеге орай аудан бойынша әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Анжела ИЗАЕВА