АУДАН ӘКІМІ БЕГЗАТ БОЛАТБЕКОВТЫҢ 8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Ардақты аналар, аяулы асыл жандар!

Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады. Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Әйелдер — әлемге мейірім мен жаңа өмір сыйлаушы нәзік жан иелері. Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету — қай ұрпақтың да перзенттік парызы болып қала бермек. Сол себепті аналарды ардақтап, нәзік жандыларды құрметтеп, әрдайым қадірін биікте ұстауға міндеттіміз, деп білемін. «Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі» дегендей, отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыз қашанда құрметке лайық. Қазіргі таңда ауданымыздағы түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, біліктілігін, танымы мен талғамын аямаған әйелдер аз емес. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалды ер азаматтарымен иық тірестіре жүрген қыз-келіншектер – бүгінде ел мақтанышы. Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Әйел-Аналар қауымы! Қуанышы мен шаттығы мол мерекеге орай өмірімізге мән, тіршілігімізге сән сыйлайтын 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, шаттық пен бақ-береке тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.