17 АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

0

Халықты жұмыспен қамту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген жауапты тапсырмалардың бір саналады. Бұл бағытта елімізде түрлі бағдарламалар қабылданып, жұмыссыздық деңгейін азайту бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Сол бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары да ашылып, «екі қолға бір күрек іздеген» жандарға мол мүмкіндік жасалуда. Соның бір айғағы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.

Жұма күні аудандық Мәдениет үйінде кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің бас маманы Зарина Оразбекова, ауданның білім ошақтары, мәдениет мекемелерінің басшылары мен өкілдері, жұмыссыздар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтарды, оқу орындарының түлектерін және жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналастыру болып табылатынын атап өтті.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 68 мекемеден түскен 171 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтатын болсақ, білім саласы бойынша – 34, денсаулық сақтау саласы бойынша – 17, экономика – 6, заңгер –1, әртүрлі жұмыстар бойынша – 113 бос жұмыс орны ұсынылды.
Шараға арнайы келген сегіз мекеменің өкілдері жұмыссыз азаматтарды өз мекемелеріндегі ваканттық орындармен таныстырды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 50-ден астам азаматтың ішінен 17 азамат тұрақты жұмысқа, 5 азамат «Жастар практикасына», 1 азамат «Алғашқы жұмыс орнына» және 2 азамат «Күміс жас» жобасы бойынша, 2 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 азамат әлеуметтік жұмыс орнына жолданды және барлық жұмыссыз азаматтар бос жұмыс орындарымен танысты.
Сонымен қатар, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары келушілерге 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.