«КӨРІСУ КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ

0

Жамбыл облысында Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін тойлау басталды. Облыс орталығынан бөлек барлық қала, аудандарда да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көктем мерекесі лайықты түрде атап өтілуде.

Мерекелік шара ән-бимен көмкеріліп, бірлік пен береке ұғымдарының мән-маңызын айшықтай түсті. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені «Көрісу салты» бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.
Көрісу күніне орай Қордай ауылының «Ноғайбай» атшабарында жігіттер көкпар тартып, мәре-сәре болды. Аталған шараға Қаракемер, Өтеген, Қарасу, Шарбақты, Ноғайбай, Степной және Жаңатұрмыс ауылдарының атбегілері мен көкпаршылары қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.