Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – азаматтың қасиетті борышы. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Кеудесінде намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Кейінгі кезде түрлі себептерге байланысты әскерден жалтарғандар көп. Десекте, бар өмірін әскери қызметке арнап, Отан алдындағы борышына адалдық танытып жүрген жандар да жетерлік. Солардың бірі Қордай ауылының тумасы – Бауыржан Бұтабаев.
Әскери қызметін 2008 жылы «Отар» әскери базасындағы 30212 әскери бөлімінің 2-танк ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымынан бастаған Бауыржан Геннадийұлы араға екі жыл салып Ақтау қаласындағы 25744 теңіз жаяу әскери бөліміне батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып ауысады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде абыройлы қызмет атқарған ол 2014 жылы Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөліміне ауысады. Сол жылдан бастап қазіргі кезге дейін штабтық батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, материалдық техникалық қамтамасыз ету батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, артиллерия дивизионы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарады. Әскер қатарына жаңа келген сарбаздардың нағыз тәлімгеріне айналады. Әскери өмірдің қыр-сырын үйрету, тәлімгерліктің нағыз үлгісі болу майор Бауыржан Бұтабаевтың бойынан табылатын қасиет. Содан болар әріптестері мен жас сарбаздар арасында үлкен беделге ие болып жүргені. Қазіргі кезде 21450 әскери бөлімінде идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және мемлекеттік — құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері лауазымын атқаратын Бауыржан Геннадийұлы әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, бөлімшелердегі моральдық-адамгершілік жағдайды сауықтыру, жеке құрамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде тәрбие жұмыстар атқарады. Идеологиялық жұмыс армияның мүддесі үшін ғана жұмыс істейтін, үнемі дамып, жетілдіріліп отыратын алып механизм. Сол механизмнің дұрыс жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосып жүрген жан.
-Осыдан отыз жыл бұрын Президент Жарлығы-мен Қарулы күштерде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты құрылған болатын. Тәрбие құрылымдары офицерлері институтының пайда болуына тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың үлкен ықпалы болғанын айта кеткен жөн. Әскеріміздің толыққанды дамуы үшін тәрбие жұмыстарының маңыздылығы қашанда ерекше. Сағадат Қожахметұлының жауынгерлік, өмірлік бай тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі әскерлерді басқарудың тиімді жүйесін құру мен армияның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу мәселелерін шешуде ғана емес, сонымен бірге жас тәуелсіз мемлекеттің жауынгерлерін тәрбиелеуге де көп әсер етті. Біз сол бір сара жолдың жалғастырушыларымыз», — дейді аға офицер Бауыржан Бұтабаев.
Отан алдындағы қызметіне адалдық танытып, талай белестерді бағындырып жүрген кейіпкеріміз «ҚР Қарулы Күштеріне мінсіз қызметі үшін» және «ҚР Қарулы күштеріне 20 жыл», Қарулы Күштеріне 30 жыл» медальдарымен марапатталған.
Қазіргі таңда ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет етіп жүрген барша жерлестерімізді төл мерекелерімен құттықтаймыз. Әрдайым аспанымыз ашық болсын!
Жандос ОМАРОВ