ҚАҚПАТАСТЫҚ ТҮЛЕКТЕР АУЫЛ МЕШІТІН ЖӨНДЕП БЕРДІ

0

Қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде қаражатың болуы қажет деген жаңсақ пікір, бастысы – ниет. Алла тағаланың өзі пендесіне асыл діні арқылы мол сауапқа кенелуге жол көрсетіп қойған. Бұған жуырда қақпатастық кең пейілді азаматтардың қолға алған қайырымды
істері дәлел болды.
Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1985 жылы туған түлектер ауыл мешітіне ішкі жөндеу жұмыстарын жасап, мәрттік танытты. Қақпатас ауылының мешіті 1994 жылы көпшілікке есігін ашқаннан бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеу кезінде қақпатастық түлектер бөлменің қабырғаларын бояп, соңғы сән үлгісіне сай керме-төбе жасап, жаңа жарық шамдар орнатқан. Бояулардың түстері ерекше талғаммен таңдалып, әрбір жұмыс аса ұқыптылықпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Бұл тұста кезекті жұма намазына үлгерейік деп апта бойы дамылсыз жұмыс істеген азаматтардың еңбекқорлығын да айта кеткен жөн. «Қақпатаста әр жылғы мектеп түлектері жыл сайын қоғамға, көпшілікке пайдасы тиетін қайырымды іс жасауды дәстүрге айналдырған. Биыл біздің кезегіміз де жетіп, отыз жылға жуық жөндеу көрмеген мешітті жөндейік деп шештік. Арамызда өзіміздің шебер жігіттеріміз де бар. «Көп түкірсе, көл дегендей» бәріміз жұмылып, бүгін міне, жұмысты аяқтап қалдық»,-дейді жомат түлектердің бірі Азамат Данегулов.
Ал Қақпатас ауылдық мешітінің имамы Жармаханбет Тәнекеев: «Мешіт – мұсылман қауымының шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, Аллаға кіршіксіз құлшылық ететін мінәжат үйі. Сондықтан, осындай қасиетті орынға жөндеу жүргізген азаматтар үлкен сауапқа кенелуде. Осы жігіттердің жасаған жақсылықтарын Алла Тағала өздеріне еселеп қайтарсын, дендеріне саулық, отбасыларына амандық берсін»,-деп ризашылығын жеткізді.
Бұл күні жұмаға жиналған қалың жамағат жаңарған, ішіне ізгіліктің нұры төгіліп тұрғандай жарқыраған кең бөлмені көріп, шексіз разылығын білдірді. Жұма намазынан кейін көпшілікке дастархан жайылып, қайырымды істің басы-қасында жүрген азаматтарды ауыл имамы кубокпен, алғыс хаттармен марапаттады. Ал 1985 жылғы түлектер «игі бастамалар жалғаса берсін» деген ниетпен кубокты өздерінен кейінгі мектеп түлектеріне табыс етті.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.