Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні бағдарламасы негізінде 2022-2023 оқу жылы аудандағы 10-сынып оқушылар арасында «Балауса» әскери-спорттық сауықтыру лагерінде далалық оқу-жаттығу жиыны өтті.
Қоғамның армиямен байланысын нығайту, оқушылар бойында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етуді мақтан тұту, аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүріне, әскери борыш пен әскери антқа адалдық сезімдерін тәрбиелеу — әскери тәртіпті, тұтастай алғанда, ұрысқа әзірлікті күшейтуге осы әскери-далалық жиыны ықпал етеді. Негізгі мақсаты — қарулы күштердің мәртебесін арттыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Салтанатты шараға Қордай ауданының қорғаныс істері бөлімінің басшысы майор Н.Меделбеков және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің әдіскері Е.Жүнісбаев қатысты. Жас сарбаздарға сәттілік тілеп, құттықтау сөзін жеткізді. Оқу-жаттығу жиыны кезінде әскери-спорттық сауықтыру лагерінің уақытша басшы құрамы жасақталды. Сондай-ақ әскери жетекшілер құрамынан батальон, рота, взвод командирлері тағайындалды.Қордай ауданының жергілікті полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Әскери–далалық жиынында оқушылар алғашқы әскери дайындық сабақтарынан үйренгендерін, алған білімдерін практикада қолданып, даярлықтарын шыңдайды. Жиынға қатысушы жасөспірімдерге тактика, саптық дайындық, атыс дайындығы, дене тәрбиесі даярлығынан сабақтар өткізіліп, сынақтар алынды. Сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бірқатар жарыстар өткізілді. Жиын соңында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері мен оқушылар Қордай ауданының қорғаныс істері бөлімі және білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мағжан БИРГОЖАЕВ, № 23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушысы