«Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер» демекші, адамға кіндік қаны тамған, ойнап-өскен жері қашан да ыстық болады. Әулие-шоқы етегіндегі Қаракемер ауылынан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтар туған ауылдарын ұмыт қалдырмайтынын мақтанышпен айта аламыз.
Туған жерге туын тіккен жомарт жандардың қатарында 1973 жылы, яғни 50 жыл бұрын мектептен түлеп ұшқан 1956 жылғы түлектер – Астанадан Момбеков Ален, Алматыдан Ордабаев Құрмаш, Қырғызстаннан Жамбасбаев Бегалы мен Алиев Дәулетбек, сонымен қатар Алиев Санатбай, Салыбаев Сәрсебек, Жайықбаев Марат, Нарынбеков Керімбек, Ерменов Сабыр есімді азаматтар бар. Осы азаматтар наурызда ауылға келіп, 50 түп шырша отырғызды. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген ұстанымды ұстанған 1983 жылы түлеп ұшқан 1966 жылғы 40 жылдық түлектер – Бедеев Сағадат, Боржақаев Сәбит, Жақсылықов Исағали, Рахымжанов Қайсар, Нұрманбетов Сейсенбек осы игі бастаманы жалғастырып, 50 түп шыршаны ауылдың орталық Аймаш Баямбаев көшесіне отырғызды. «Ауылдың түлеуі — үлкендердің тілеуі», — дейді халқымыз. Туған жерінің көркеюіне атсалысқан барша жерлестерімізге алғысымыз шексіз. Ауылымыздың жомарт түлектерінің қайырымды істері мұнымен бітпейді. Мәселен, Қаракемер ауылының №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің бұрынғы түлектері 2 маусым күні мектепке кездесу кешіне жиналды. Мектеп бітіргеніне 10, 20, 30, 40, 50 жыл болған түлектер құлын-тайдай тебісіп өскен балалық шақтарын еске алып, оқыған мектептеріне сағынышпен оралды. «Жомарт түлек» жобасы бойынша ауылға, ұшқан алтын ұя мектептеріне, білім берген ұстаздарына бағалы сыйлықтар табыстап, алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Мектеп бітіргендеріне 50 жыл болған түлектер 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, үздік білімін көрсете білген 6 оқушыға бағалы сыйлықтар табыстады. Ал 40 жылдық түлектер 10 биші қызға қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін сыйға тартты. Мектептен түлеп ұшқандарына 30 жыл толған түлектер 12 футбол ойнайтын спорттық киім, 12 волейбол добын, 1 футбол добын сыйлады. Сондай-ақ, кітапханаға күй жазылған 1000 таспа, 1000 өлең таспасы, кітаптар табыс етілді. 20 жылдық түлектер 5 шатер сыйға тартты, 10 жылдық түлектер мектеп ауласын шөптен тазартуға 2 көлік және құрал-саймандар табыс етті.
Міне, патриоттық сезімнің үздік үлгісі, туған жеріне, алтын ұя мектебіне деген құрмет осы емес пе?
№14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің ұжымы