МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ

0

23 маусымда әлем елдерінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл туралы резолюция 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясында қабылданған болатын. Ал 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен елімізде бұл күн мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Елімізде осы бір мерекелі күнмен тұспа-тұс келетін Полиция күні де кең ауқымда аталып өтеді.

Қос мерекеге орай аудан әкімдігінде салтанатты қабылдау өтті. Оған мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары шақырылды.

Жиналған қауымды аудан әкім Бегзат Болатбеков құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді.

-Әрбір өркениеттің биігіне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын жеткізуші мемлекеттік қызметкер болып табылады. Сондықтан ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Статистикаға сүйенетін болсақ, ауданымызда мемлекеттік мекемелерде, яғни әр салада барлығы 300-ге жуық мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда.

Осы сәтті пайдаланып ауданымызда құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген 165 полиция қызметкерін де кәсіби мерекелерімен құтықтаймын. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы еңбегімен еленген бірқатар азаматтарды марапаттады. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, Қордай ауданының Құрмет грамотасы,  «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері марапатталып, олардың еңбегіне табыс, отбасыларына аудан басшысы атынан амандық тілектер де айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.