2019 жылдың 24 мамырында 10 қазан ҚР Кәсіби одақтар күні болып ресми бікітілгені баршаға белгілі. Осы айтулы күн қарсаңында ауданымыздағы ең ірі кәсіподақ ұйымы саналатын білім беру қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы қарлығаш қыпшақбаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
— Қарлығаш Қанатбекқызы, пандемияға байланысты шектеу шаралары әсіресе білім саласына, оның өзегі – ұстаздар қауымына ауыр тигені анық. Осы орайда аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымы тарапынан қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар. Жалпы аудандағы ең ірі ұжымның бүгіні қандай? Сөзіміздің әлқиссасын содан бастасақ.
— Кәсіподақты азаматтық қоғамның бір бөлімі деп айтуға болады. Ол мемлекетке, қоғамға қызмет етеді. Сондықтан өзара түсіністікпен жұмыс істеу қажет. Кез келген ұжымда кәсіподақ ұйымының атқарар ісі де, арқалар жүгі де жеңіл емес. Әлбетте оның негізгі міндетіне ұжымның құрамына кіретін әрбір қызметкердің мүддесін қорғау, ұжымды ұйыған айрандай бірлікте ұстау кіреді. Ковид-19 пандемиясына байланысты кәсіподақ мүшелерін қорғау мақсатында аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерелері қолдауымен Техникалық шығармашылық кәсіби білім беру орталығының мамандарының күшімен тегін бетперделер тігіліп, карантин кезінде білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігін және жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қызметкерлерге таратылып берілді. Шектеу шаралары кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық сыныптарында, кезекші сынып ашқан білім беру мекемелерінде, оқу қызметтерін жүргізіп отырған мекемелерге, қосымша білім беру мекемелеріне тепловизор, санитайзер, дезинфекциялық төсеніш тазартқыш заттары, балабақшаларға кварц шамдары беріліп, өз тарапымыздан сақтық шараларын қолдауға, әріптестерімізге көмек қолын созуға барымызды салдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті қашықтықта оқыту жүргізіп жатқан мектептерге қайырымдылық көмек ретінде 40 дана ноутбук таратып бердік. Бұл техниканы мектеп тарапынан қашықтықта оқыту жүргізіп жатқан ұстаздарға уақытша берілді.
— Кәсіподақ қызметкерлердің сауықтыру шараларын ұйымдастыруда жыл сайын белсенділік танытатынын білеміз. Бұл сіздер атқаратын жұмыстың бір бағыты. Осы бағытты жандандыру мақсатында нендей істер қолға алынды?
— Салауатты өмір салты, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру мен өткізу – бұл да кәсіподақтың қамы. Біздің кәсіподақтың спортшылары аудандық іс-шаралар мен жарыстарға, жыл сайын белсенді түрде қатысады. Мәселен, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымдастырған «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты спартакиадаға Қордай аудандық комитеті «Жеңіс біздікі» деген ұранмен қатысып, бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болды. Одан бөлек, жыл сайын дәстүрлі «Наурыз» мерекесіне байланысты іс-шаралар өткізіліп, онда кәсіподақ мүшелері концерттік бағдарламалар дайындайды, сонымен қатар спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды, жеңімпаздар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бөлінген қаражат есебінен бағалы сыйлықтар беріліп, марапатталады. Дәл сол сияқты Ұстаздар күні, 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі мен 7-мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында салтанатты жиын өткізіліп, ұжымда ерекше еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетіледі. Ал, сауықтыру шараларына келсек, санаторлық-курорттық емделуді қажет еткен қызметкерлер «Сарыағаш», «Ақниет», «Манкент», «Мерке», «ГРЭС», «Самал» «Жаңақорған» шипажайларға емдік-алдын алу санаторияларына 50 пайыз жеңілдікпен жолдамалар ала алады. Бұл жыл сайынғы атқарылып отыратын жұмыстар тізбегіне кіреді. Биылғы пандемия салдарынан шипажайлардың барлығы карантинге жабылып, мұғалімдердің еңбек демалысы кезінде ем қабылдауға мүмкіншілігі болмағаны белгілі. Осыған байланысты атқару комитетінің шешімімен пандемия кезінде егерде кәсіподақ мүшесі бара алмаса, орнына бірге тұрып жатқан туған бауырларын, ата аналарын жіберу мүмкінділігін пайдаланды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда қызметкеріміз Сания Ақышбаеваның еңбегі орасан.
— Кез-келген кәсіподақ ұйымының ең бас-ты бағыты мүшелерінің заңды құқықтарын қорғау, еңбек шарттарындағы міндеттердің нақты орындалуына ықпал ету сынды күрделі мәселелерден тұратыны белгілі. Сол турасында аз-кем айтып өтсеңіз…
— Кәсіподақ мүшелерінің еңбек ақысын төлеу, жұмыс уақыты, еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі және де кәсіподақ ұйымының ықпалымен ұжымдық шарты арқылы еңбек ақысының әділ төленуі, әлеуметтік мүддесін қорғау, денсаулығын сақтау жұмыстары қалай жүзеге асып жатқанын назардан тыс қалдырмаймыз. Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдарының ерекше басымдық беруі тиіс жұмыс бағыты – кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау. Тегін әрі білікті құқықтық қызмет көрсету арқылы кәсіподақтың қорғау және өкілеттік ету қызметін жүзеге асыру, сала қызметкерлерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, олардың алдын-алу ғана емес, сондай-ақ кәсіподақ мүшелігіне ынталандырудың өте тиімді факторы болып табылады.
Мысалы, қазіргі таңда кәсіподақ мүшелері тегін құқықтық қорғау мен заңгерлік кенес алуға мүмкіншіліктері бар және ондай көмек тек қана еңбек қатынастарға ғана емес, басқа да өмірдегі туындаған мәселерге қатысты беріліп отырады. Осы ретте, біздің ауданымызда 2011 жылдан бастап аймақтық құқықтық инспектор Бауыржан Алпысбаев пәрменді жұмыстар атқарып келеді. Ағымдағы жылдың 9 айында біздің маман тарапынан заң шеңберінде 357 қызмет көрсетілді.
— Өзара әріптестік қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстарыңыздың түп негізін бір ауыз сөзбен қорытындыласаңыз…
— Түптеп келгенде кәсіподақтар ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтары үшін күресетін ұйым. Сондықтан, барлығымыздың негізгі міндетіміз бір. Өмір сүру сапасы жоғары мемлекеттің бірі болу – азаматтардың іскерлігі мен адам ретіндегі әлеуетін дұрыс пайдаланып, ұйымдастыра білудің арқасында мүмкін болатын үдеріс. Осы ретте билік пен қоғамның өзара әріптестік қатынаста әрекет етуі өте маңызды. Бұл шара азаматтар мен адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұрынғыдан да сапалы әрі жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Ауданымыздың барша кәсіподақ ұйымдарын алдағы келе жатқан төл меркелерімен құттықтаймын. Жұмыстарына табыс, отбасыларына бақ береке тілеймін.
Сұхбатыңызға рақмет!
Ж.ОМАРОВ