Егін алқабынан ескен леп

0

Дәл қазіргі уақыт егін орағы науқанының қызған шағы. Қордайлық диқандар дамыл таппай, дақыл жинау дүбірінде атой салуда. Олар үшін әр минут маңызды, сондықтан нәсібін жерген терген дала еңбеккерлері таңның атысы, кештің батысы демей, жайқалған алқапта білек сыбана жұмыс істеуде.

 

Дегенмен, салада түйткілді мәселелер де жоқ емес. Вегетациялық кезеңде аудандағы агроқұрылымдарда егістіктерді суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша шиеленісті жағдай байқалды, бұл өнімділікке әсер етті. Бірақ, қиындықтарға қарамастан, өткен аптада аудандағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының көпшілігі дәнді дақылдарды жинауға кірісіп кетті.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтері бойынша, 2023 жылғы егінге 22,5 мың га күздік бидай, 46 мың гектардан астам жаздық арпа, 1020 га дәндік жүгері, 250 га майлы дақылдар себілді.

Алғашқылардан болып Сарыбұлақ ауылдық округінде «Азиз» шаруа қожалығындағылар 150 гектарды жинап алды.

Қарасу ауылдық округіне қарасты «Доверие» шаруа қожалығының мүшелері егіс алқаптарында егін жинауды ұйымшылдықпен жүргізуде. Мұнда 300 гектар алқаптағы жаздық арпа мен күздік бидайды жинау керек. «Доверие» басшысы Роман Котляров қарбалас кезеңге қарамастан, «Бәйшешек» сортты жаздық арпаның егістік басын аралап көрсетті.

Жалпы шаруашылық жұмысшыларының құлшынысы зор. Дән жинау барысы жақсы өтуде, техника алдын ала әзірленген. Комбайндар, тракторлар, дән тайлағыш жұмысқа қосылған. Оларда тәжірибелі механизатор Андрей Ромахов, жүргізуші-тракторшылар Марат Әлімбаев, Анатолий Демочкин еңбек етуде. Олардың қуатты жабдықты қалай шебер басқаратынына қарап, алқапта өз саласының нағыз кәсіби мамандары жұмыс істеуде, деп сеніммен айта аламыз. Бұл өндірістік көрсеткіштермен де расталады. Шаруашылық автопаркін үнемі жаңартып отырады. Сөйтіп, былтыр күзде «Казагрофинанс» АҚ арқылы лизингке екі YTO тракторын алды.

Андрей Ромахов (суретте) 20 жылдық еңбек өтілі бар механизатор. Сегізінші сыныпты бітірген соң Успеновка кәсіптік-техникалық училищесіне механизаторлыққа оқуға түскен. Ол комбайн тізгініне отырғанда белді бекем ұстап, әрбір дән түйірі үшін күресу қажеттігін оқып жүргенде-ақ түсінген.

Тәжірибелі ауыл еңбеккері жыл бойы ауылшаруашылық жұмыстарын атқарады, қыста да қарап жатпастан, мал азығы, дәнді дақылдарды тасып, шаруашылықтың тірлігіне араласады.

-Ендігі басты міндет – дәнді шашау шығармай жинап алу, осы ретте ауа-райының қолайлы болғаны да маңызды, — дейді шаруашылық басшысы Роман Котляров.

Диқанның айтуынша, биыл астық шығымы әдеттегіден аз. Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 18 центнерге жетсе, биыл гектарына 10 центнерге де жетпейді. Шаруашылық 11 шілдедегі жағдай бойынша, 100 тоннаға жуық арпа басты. Бидай мен арпа өнімділігінің төмендеуіне ауа-райының қолайсыз жағдайлары – атап айтқанда, көктемгі аяз, сондай-ақ құрғақшылық пен желді ауа-райы әсер етті.

ШҚ басшысы бала кезінен шаруашылықта еңбек етіп келеді. Бұл  олардың отбасылық кәсібі. Роман ес білгелі атасы мен әкесінің жанында жүріп, дала төсіндегі еңбектің қыр-сырын үйренген.

— Жұмысқа құштарлық және ауыл шаруашылығына деген сүйіспеншілік болса, онда бәрі оңай, — деп сенеді аграршы.

«Доверие» ШҚ  жұмысшыларының негізгі ұстанымы – күш-қуатың барда жан-тәніңмен жұмыс істеу. Ал тынымсыз еңбектің нәтижесі — мол өнім болмақ.

Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.