ҚОРДАЙ АУЫЛЫНДА 5,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛМЕК

0

Инфрақұрылымның дамуы – экономиканың өсуі және соның нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасының жақсаруының көрсеткіші. Тақтайдай тегіс жолдар бүгінде сән-салтанат емес, жайлы жағдайды қамтамасыз етудің қажеттілігі. Ауылішілік жолдарды жөнге келтіру мәселелері күн тәртібінен түспейтін тақырып.

Жол жөндеу мәселесін біздің басылым журналистері талай мәрте көтерген болатын. Аудан орталығы тұрғындарының мұң-мұқтажын жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне талай рет айттық. Бүгінде жол мәселесінің біртіндеп шешіліп келе жатқандығы көңіл қуантады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қордай ауылында бірнеше көшені орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Атап айтатын болсақ,  Жамбыл көшесі, «Үсен ұлы» базарының жанындағы көше бөлігі ретке келтіріледі. Сонымен қатар, Аңырақай, Сауранбаев, Жеңістің 40 жылдығы, Елімай көшелері, Жібек жолы көшесінің бас жағы, Пушкин көшесінің бас жағында жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Б.Момышұлы, Желтоқсан, Абылайхан тұйығы, Алматы көшесінің Домалақ ана көшесіне дейінгі бөлігі, Мүсірепов көшесі мен Жангелді көшесіне кіре берісте орташа жөндеу жасалады деп жоспарлануда. Төле би, Орталық және Бәйдібек көшелерінде де орташа жөндеу жасалады.

Жалпы алғанда, Қордай ауылында 5,5 шақырым жол жөнделмек.

Жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер – «Dauren Build» ЖШС-гі.

Тағы бір қуанышты жаңалық — «Батыс» шағын ауданына қарасты жол учаскелеріне асфальт төсеу жұмыстары басталды. Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін ықшам аудан тұрғындары асфальт жолдың жоқтығын бірнеше рет көтерген болатын.

Қордай ауылдық округі әкімінің аппаратында жол сапасын жақсарту мәселесі басымдықтың бірі екенін айтады. Сондықтан бұл мәселені шешуге ерекше көңіл бөлінетін болады.

Шолпан Сабанова

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.