ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ

0

Аудан әкімі төрағалық етіп, орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауыл әкімдерінің басын құрайтын аппараттық кеңес 24 шілдеде өтті. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, ұйымдастыру жұмыстары және мекемелермен жұмыс жүргізу бойынша атқарылып жатқан сан-салалы қызметтер турасында кеңінен талқыға түскен келелі жиында аудан басшысы Бегзат Болатбеков жағымды жаңалықтан бастады.  Жақында республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауы өткен болатын.  Сол байқауда топ жарып, үздік атанған Қарасай батыр ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесованы аудан әкімі құттықтап,  жұмысына

табыс тіледі

 Сонымен қатар жаңадан тағайындалған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Ебелекбаев таныстырылды.

Кеңес барысында бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов баяндама жасады. Ол 2022 жылдың  желтоқсан айынан бері аудан әкімі тарапынан құрылыс, тұрғын үй, қаржы және экономика саласына берілген тапсырмаларды орындау барысы туралы айтып өтті. Олардың ішінде орындау мерзімі жетіп, бүгінгі күнге дейін тиісті деңгейде атқарылмай отырған тапсырмаларға баяндамашы жекелей тоқтады. Олардың қатарында  «Асар» жобасының толықтай атқарылмауы,  округтерде қатты қалдықтар полигоны құрылысының кешігуі, оларға жер телімінің құжаттарын рәсімдеуді уақытылы орындамау, шұңқырларды қоршау жұмыстарының кейбір ауылдарда атқарылмауы, инвесторлар тартуды жүргізбеу, құрылысын жүргізуге жер учаскелерін анықтамау  сынды мәселелер көтерілді.

Бахыт Оңласынұлы орындаушылық тәртіп мәселесіне немқұрайлық танытып отырған жауапты тұлғалар бойынша ұсынысын да айтты.

Осы орайда аудан әкімі жаңадан ашылған Халыққа қызмет көрсету орталығында байланыс жүйесіне, Масаншы ауылдық округі әкімдігіне мектепті балансқа алу, мемлекеттік акт жасау бойынша бірқатар сын-ескертпелерін айтып, тапсырмалар жүктеді.

-Байқап отырсам, біздегі бір салада оң динамика жоқ. Иә, барлығы қаржыға тіреледі. Бірақ, соны уақытысында айту керек, жеткізу керек. Атқарылмайтын жұмыстарды индикатор ретінде ұстауға болмайды. Ол не үшін атқарылмайды, себебін түсіндіріңіздер. Біз қолдаймыз. Жалпы барлық сала бойынша жұмысты күшейту қажет, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Келесі кезекте сөз алған аудан басшысының орынбасары Жұлдызбек Бақаев  баяндама жасады.

-Биылғы жылы суармалы судың тапшылығынан «Совхоз» аймағында орналасқан шаруалар үлкен зиян шекті. Қырғыз Республикасы тарапынан суармалы судың 10-11 текше метр көлемінде ғана берілуі Георгиевкий магистралды каналының аяқ жағында орналасқан Қақпатас, Беріктас, Сарыбұлақ және Қайнар ауылдарына су жеткізу үлкен қиыншылықтар туғызды. Бұл қиыншылықтан шығу үшін аудан әкімімен су айналымы кестесі бекітіліп, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі ауданға бірнеше министрлік өкілдерінен тұратын комиссия аудандағы зардап шеккен шаруашылықтардың егіс алқаптарын аралап көріп шықты. Ендігі кезекте осы комиссияның аудан көлемінде төтенше жағдай жариялау туралы шешімін күтудеміз, — деген баяндамашы мал шаруашылығы саласы бойынша барлық көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда толық орындалатынын жеткізіп, инвестиция тарту бойынша ауылдық округ әкімдері және ауыл шаруашылық бөлімі тарапынан жұмысты жандандыру қажеттілігін айтты.

Сондай-ақ, 8 ветеринариялық пунктерді қызметтік ғимаратпен қамту мәселесі бойынша нақты тапсырысты құрылыс бөліміне немесе ауылдық округ әкімдеріне жүктеуді ұсынып, жер қатынастары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

-Қазірден бастап ауыл шаруашылығы бөлімі, «ҚазСуШар» аудандық бөлімшесі, ауыл әкімі және шаруа қожалық өкілдерімен бірлесіп келесі жылға дақылдарды орналастыру бойынша ақылдасып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Биылғы жағдайдың алдын алу үшін келер жылы себілетін дақылдарға үлкен мән беру керек, — деді аудан басшысы.

Әлеуметтік салаға қатысты қордаланған мәселелер жөнінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баяндама жасады. Слайд арқылы сүйемелденіп отырған баяндамада алдымен денсаулық сақтау саласы туралы сөз болды.

Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылмағандар үлесі. Облыс бойынша сақтандырылмағандар ішінде көш бастап тұрған Қордай ауданы екенін айтқан Дамира Маратқызы  әсіресе, сақтандырылмаған тұрғындары көп Қордай, Сортөбе, Масаншы, Сарыбұлақ ауылдық округтерінде бұл жұмыс тиісінше ұйымдастырылмауда екенін жеткізді. Жұмысты жандандыру үшін бірқатар ұсыныстарын да айтты.

Сондай-ақ, баяндамашы «Тәуекел тобына» жататын тұлғаның жеке психологиялық мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеу мақсатында «Ақ сұңқар» психодиагностикалық аппарат арқылы психологиялық тексеру жұмыстары өткізілгенін, іс-шара барысында өзіне қол жұмсауға бейімділігін, өзіне қол жұмсауға бейімділік әрекетін және психоэмоционалды тұрақтылығын, үрейлену деңгейін сондай-ақ көңіл-күйін анықтауға бағытталған тесттердің түрлері өткізілгенін айтты. Осы орайда аталмыш бағытта білім бөлімі жұмысты жандандыру қажетілігі сөз болды. Сонымен қатар, биыл «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы «Жақсылық жаса!» ұранымен ұйымдастырылатындығы жеткізілді.

-Акцияның маңыздылығын ескере отырып, ұйымдасқан түрде өткізуге және белсенділік танытуға шақырамын. Қордай ауданының білім бөліміне әр мектеп бөлінісінде көмекке мұқтаж оқушылардың тізімін қысқа мерзімде жасақтап, акцияны өткізу бойынша аудандық іс-шаралар жоспарын әзірлеп бекіту ұсынылады, — деді баяндамашы. Дамира Сүгірбай осылармен қатар ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту, оның ішінде «Мансап» орталығына тамыз айында пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыруды ұсынып, сонымен қатар 2023 жылдың  ІІ жартыжылдығына мерзімдік басылымдарға жазылу жұмыстары туралы ақпарат беріп, жастар саясаты, мәдениет және спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстар жайында баян етті. Осы орайда айта кетерлігі,  «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерін өткізу кестесіне сәйкес 30 қыркүйекте ауданның 95 жылдығы және мәдениет күнін атап өту жоспарланыпты.

Жиын соңында Бегзат Болатбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, атқарылатын уақытын да айқындап берді.

Жандос Омаров.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.