ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0

«Жол қадірін жортқан білер» демекші, тозығы жеткен жолдар –тұрғындарының жиі көтеретін өзекті проблемаларының бірі. Аудан әкімінің қабылдауында болған азаматтардың басым бөлігі де ауылішілік жолдар жөнделсе деген өтініштерін жеткізіп жатады. Осыған орай ауылдың еңсесін көтеру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Қордай ауданындағы бірқатар елді-мекенде жол жөндеу жұмыстары қарқын алды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жуырда Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдарындағы ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өтті. Жергілікті әкімдіктің мәліметі бойынша, жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес жөндеу жұмыстарына 279 млн 880,5 мың теңге қаржы бөлініп, ашық конкурс арқылы «DAUREN BUILD» ЖШС — гі жеңімпаз атанып, келісімшарт жасалып, бүгінде жұмыстар толығымен аяқталды. Нәтижесінде жалпы Жамбыл ауылдық округі бойынша жақсы жағдайдағы ауылішілік жолдардың үлесі 94 % құрап отыр.

Сонымен қатар Бетқайнар ауылындағы негізгі көшелердің бірі Қожантаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде  3,420 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Айта кетейік, жөндеу жұмыстарына  83.164,0  млн. теңге қаржы бөлініп, оны мердігер компания «Ақжол сервис 2030» ЖШС жүргізген.

Жаңартылған әрі сапалы жолдар ауылдардың көркін одан әрі айшықтай түскені рас. Бұл іске тұрғындар да дән риза. «Біздің көше ауылдағы маңызды көшелердің бірі, халық көп жүреді. Балалар да енді теп-тегіс жолмен мектепке алаңсыз барып келетін болды. Бәріміз қуаныштымыз, ауылымыз көркейе берсін. Расында, еліміздің өркендеуі осындай шағын елді мекендердің көркеюінен бастау алады ғой», — дейді Бетқайнар ауылының тұрғыны А.Джабарова

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.