КАДР СЫРТЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

0

Соңғы жылдары көрермендер көзайымына айналған  «Мезгілсіз махаббат», «Шашу», «Күйеу бала», «Мәдениет үйі», «Тұмар», «Жат бауыр», «Алпыстан асып барамын» атты телесериалдар мен “Байланыс аясынан тыс жерде”, “Фобия”, “Шіркін Life” тәрізді реалити-шоу бағдарламалардың  бас продюсері, редакторы   Толқын Сейдоллақызы бүгінгі қазақ телевизиясының көрнекті тұлғалары қатарында. 2014 жылдан бері «5 студия-TV Production” студиясын құрып, республикалық телеарналардың тапсырысы бойынша рейтингісі жоғары телебағдарламаларды жасаумен айналысып келеді. Олардың біразы өзінің туған жері — Қордай өңірінде түсірілген. Мәселен, биылғы жазда  Ноғайбай ауылдық округінің ауылдарында “Құдаша қыз” атты жаңа  телехикая түсірілді. Сол күндері Толқынмен  кездесіп, көрермендер үшін таңсық кино түсіру өнері туралы және  өзінің бұл салаға қалай келгендігі жайлы сыр-сұхбат құрған болатынбыз.

Ауылдастары  бүгінде “Қаракемердің қара қызы” деп  құрмет тұтатын Толқын  дүниеге келген 1975 жылы  ата-анасы Сейдолла мен Мейрамкүл Алматыда әлі оқуын бітіріп үлгермеген студенттер еді. Өздері орыстың аядай моншасын жалдап тұратын.  Әкесінің елі сонау оңтүстіктің Мақтарал жағында да, ал анасы іргедегі Қордай ауданының Қаракемер ауылынан. Өздері уыздай жас, бала бағудан тәжірибелері жоқ.  Содан жиен немересі өмірге келгенін естіп жақын жерден алдымен жеткен  нағашы апасы Ділдаш  бір жапырақ қап-қара шақалақты  жаман қызыл көрпеге жаялықсыз орап қойғандарын көріп: «Ойбу, сендер мұны бұлай өлтіріп қоярсыңдар, одан да  оқуларыңды оқыңдар, баланы мен бір жылдай бағып берейін» деп емшектен шығартып өзімен алып кетеді. Сөйтіп, Қаракемерге әкеліп бесікке бөлеп ешкінің, сиырдың сүтін беріп, қойдың құйрық майын сорғызып бағып-қағады. Содан Толқын бір жыл емес, таралып өсіп, бой жеткенше нағашы апасының қолында болды. Рас, ата-анасы оқуларын бітіріп, қызметке орналасып, қызметтік пәтер иеленіп,  тағы да ұлды, қызды болып, енді тұңғыштарын да өз қолдарына алғаны бар. Толқынды Алматының  «Тастақ» ықшам ауданындағы мектептің 5-ші сыныбына береді.  Бірақ, қара қыз бір жылға әзер шыдап, оқу жылы бітер-бітпестен әбден бауыр басқан нағашы апасының ауылына қайта келеді.  Сөйтіп, 1992 жылы Қаракемер мектебін үздік бітірген болатын.

Толқынның жазу өнеріне, көшбасшылыққа бейімі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалыпты. Ата-анасы бірдей журналист  оның басқадай мамандықты таңдауға ойы да болмапты. Ол кезде әкесі  С.Садықов Алматы облыстық «Жетісу» газетінің білдей қызметкері-тұғын. Әкесін мақтан тұтты, жазғандарын оқып, айтқандарын тыңдап тәлім алды. Екінші жағынан, көзін ашқаннан ауасын жұтып, топырағын толарсақтан кешіп өскен ауыл өмірі оның адами болмысының өзегіне айналды. Қаршадайынан нағашы апасының етегіне жабысып, қасынан  бір елі қалмай ойға барса ойға, тойға барса тойға барып жүріп  ауылдың тыныс-тіршілігін, қазақилық салт-дәстүрін көріп, бүкіл руханиятын бойына сіңіріп өсті. Өзі ерке, аздап бұзықтау  бұла қыз оқуға зерек, қатарластары арасында суырылып шығып сыныптың старостасы болды, түрлі мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін. Сынып жетекшісі Сәуле тәтейі оның ерекше қабілетін байқап: «Толқын жиналыс жасайды, тұр десе тұрасыңдар, отыр десе отырасыңдар» деп, дем беріп қолдап отырады екен. Қара қыз үй шаруасына да пысық болды. Міне, мұның бәрі болашақ журналистің  жан-жақты қалыптасуына таптырмас алғышарттар еді.

Мектеп бітірген бойда ішкі дайындығы мығым ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түсті. Университетті жақсы аяқтап, ұстаздарының ұсынысымен магистратурасын да бітіріп алады. Содан еңбек жолын бастаған ол Қазақ радиосының қазанында қайнап, тәжірибе жинап онда жеті жыл еңбек етті.  Әйгілі Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаев тәрізді небір мықты дикторлар мен журналистердің мектебінен өтті. Дикторлық  шеберлігін меңгеріп, тікелей эфирде хабар жүргізуге машықтанды. Кәсіби тұрғыда жан-жақты шыңдалды. Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың және ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды.

2003 жылдан Толқынның телевизиялық өмірі басталды. Алматы қалалық әкімшілігіне қарайтын «Южная столица» телеканалында бес жылдай  өнер адамдарының өмір жолына арналған «Ғұмыр саз» деген музыкалық бағдарламаны жүргізді. Өзі сценариін жазып, өзі монтаждап, өзі эфирге шығаратын. Сонымен бір мезгілде Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры, дәстүрлі әнші Ержан Қосбармақовтың қолқалауымен болашақ актерлерге  ой-өрісін дамытуына, тіл байлығына, сөйлеу мәдениетіне ықпал ететін «көркемсөз шеберлігі» деген дәріс жүргізді. 2009 жылдан «Хабар» агенттігінің «Еларна» телеарнасында продюсерлік қызметті қолға алады. Міндеті түрлі продакшн компаниялардан жасалынып келген өнімдерін үстінен қарап, қатесін түзеп, қол қойып эфирге жіберіп отыру болды. Мұнда да Толқын қамшы салдырмады.  Оның продюсерлік, командамен жұмыс істеу, ұйымдастырушылық қабілеті, көшті бастап жүре алатыны бағаланып, қазақ телевизиясында өзіндік орны бар жетекшісі Серік Абас-шах, Айгүл Мүкей тәрізді  білікті әріптестерінің қолдауымен көрермендерді тартатын жаңа тележобалар жасауына жол ашылады.  Осылайша өмірге «Шіркін, Life» келді, бұл қазақ телевизиясындағы ең алғашқы реалити-шоу еді. Оған Толқын бар өнерін, күш-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін төкті.  Нәтижесінде қазақ әншілері мен актерлері қатысып, елімізде спорт және туризм саласын кеңінен насихаттауды мақсат етіп бір-біріне ұласқан «Шіркін, Life – ауылда», …- әскерде», …- Бурабайда» деген  шығарылымдары елді елең еткізген жоба болғаны анық. Оның ізінше көрерменді бейжай қалдырмайтын «Фобия» деген реалити-шоудың бірнеше нұсқасы эфирге шығып жатты. Елдегі өткір әлеуметтік мәселелерді көтерген  «Мүмкін емес…», «Бәрі де мүмкін» ток-шоулар продюсердің жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Өзінің шығармашылық әлеуетін, мүмкіндіктерін саралай келе  Толқын Сейдоллақызы  2014 жылы  «5 студия-TV Production”  жеке студиясын ашады.  Ол бастапқыда оңайға түскен жоқ, несие алып, көлігін сатуына тура келді. Сөйтіп, мемлекеттігі бар, коммерциялығы бар «Қазақстан», «Хабар», «Астана», «Жібек жолы», «Еларна», «КТК», «НТК» т.б. телеарналарының тапсырыстарымен телесериалдар түсіруді қолға алады. Алғашқы сериалы «Мезгілсіз махаббат» (сценарийі Жәміл Көшербаев, режиссері Әнуар Малжанов) бірден өте жоғары рейтингке ие болды. Алғашқы қадамынан сәтті шыққан фильмі қанаттандырып, Толқынды қазақ руханиятына, еліміздің мүддесіне қызмет ететін жаңа туындылар жасауға құлшындырды. «Шашу», «Мәдениет үйі», «Алпыстан асып барамын», «Тұмар», «Біз», «Күйеу бала», «Жат бауыр» телебаяндарының қай-қайсысы да қазақ тұрмыс-тіршілігін паш ете отырып, адами қатынастардағы өзекті мәселелерді алға тартады, терең ойландырады. Мәселен, «Жат бауырда» бір әке, бір анадан туған екі бауырдың екіұдай мінезі опындырса, «Тұмарда» қилы кезеңде елден жырақ кетуге мәжбүр болған қандастардың  ұрпақтарының туған топырақта табысуы жан тербемей қоймайды. Ал, бастан-аяқ Қаракемерде түсірілген «Мәдениет үйі» болса ауыл өнерпаздарының басындағы ортақ мәселелерді алға тарта отырып,  көңілді эпизодтарымен езу тартқызады.

Енді классикалық қазақи комедия жанрындағы «Құдаша қызға» келейік. Оны түсіру  Қордай ауданында мамыр айында басталып, тамызда аяқталған болатын. Қазір фильм  монтаждалып жатыр, қарашада экранға шығуы күтіледі. Фильмнің түсіру алаңына  барып байқағанымыз – оның соншалықты бейнетті жұмыс екендігі. Бірер минуттық эпизодты  нешеме дубльмен қайта-қайта түсіріп жатқанда сырттай тамашалап тұрған біздің шыдамымыз таусылардай еді. Ал, апталап үй бетін көрмей осында жүрген актерлер ше? Актер болғанда қандай! Қазақстанның халық әртісі, Жезқазған музыкалық театрының актері Досжан Жанботаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  Бақтияр Қожа, Толқынның «Мәдениет үйі», «Күйеу бала» фильмдерінде ауыл әкімі болып ойнаған Ғ.Мұстафин атындағы балалар-жасөспірімдер театрының актері әрі режиссері Сафуан Рысбайұлы, танымал эстрада әншісі, киноактриса Меруерт Түсіпбаева, сондай-ақ Нышанбек Жұбанаев,  Ақмарал Дайрабаева, Жұлдызай Дүйсенбиева, Кенжебек Башанов тәрізді түрлі телеқойылымдар мен фильмдерден жүзтаныс өнер қайраткерлері шетінен. Солардың ақсақалы 74 жастағы Досжан Жанботаевты сөзге тартқанымызда: – Осымен Толқын қызымның үшінші фильміне түсіп жатырмын. Продюсер ретінде өз жұмысына өте тыңғылықты, жан-тәнімен беріліп атқарады, актерлердің ине-жібіне дейін түгендеп, бәрін қадағалап отырады. Толқын шақырса қуана келетініміз сондықтан, — деген еді.

Бас продюсер Толқын Сейдоллақызы түсірген телесериалдардың қай-қайсысы да жоғары рейтингтен көрінуде. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі  алдыңғы жылдың наурыз айында Астана қаласында отандық телехикая өндірісінің үздіктері қатарында  Ұлттық арна эфиріндегі «Күйеу бала», «Жат бауыр» телесериалдарының продюсері Толқын Сейдоллақызына «Nauryz» ұлттық премиясын тапсырған болатын. Ал, «Күйеу бала» сол жылдың маусым айында «Үздік сериал»   жүлдесін иеленді.

Әуелде айтқанымыздай Толқынның әкесі Сейдолла Садықов белгілі журналист, ғалым, ұстаз. «Түркі әлемінің үздік педагогы» атанған филология ғылымының докторы, қазір Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы  халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. Толқынның өзі Қызылорда жаққа келін, Күздеубай Төлеутайұлы деген азаматпен тұрмыс құрғалы жиырма үш жыл болған. Қазір Алматының төрінде еңселі үйлері бар. Ері және университетте оқитын қызы Айша мен биыл мектеп бітірген ұлы Нұрасыл кино түсірілімімен кейде апталап үй бетін көрмей кететін Толқынның   бірінші жанашыры, қолдаушысы. Балалары да анасының жолын қуып шағын бейнероликтер түсіріп, түрлі байқауларға қатыса бастаған көрінеді.

Теледидардан біз дайын өнімдерді ғана көреміз. Ал, экранның аржағындағы, яки, кадр сыртындағы продюсерлер мен актерлердің,  режиссерлер мен операторлардың уақытпен санаспайтын, апталап, айлап  қажырлы тер төгетін шығармашылық  еңбегін   біле бермейміз. Міне, біздің «Қаракемердің қара қызы» Толқын Сейдоллақызы  да отандық телеиндустриядағы  осындай өзіндік   қолтаңбасымен танымалдығы артқан өз кәсібінің шебері.

 

 Құрманбек Әлімжан,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.