«МОЛДАСЕЙІТОВТЕР» ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРМЕДІ

0

Өткен ғасырдың алпыс-жетпісінші жылдары Чапаев атындағы ұжымшардың аға шопаны болған Құсайын Молдасейітовты жұрт ұмыта қоймаған болар. Жаздың ми қайнатар аптабы мен қыстың шыңылтыр аязына қарамай ақтылы қой өргізіп, қоғам малын өз төлі есебінен көбейту жолындағы еселі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендерімен,  көптеген медальдармен марапатталып, суреті аудандық  Құрмет тақтасынан  түспейтін-ді. Зайыбы Ырысбүбі Нұрлыбайқызы екеуі қарапайым малшылықты кәсіп  еткенімен көзі қарақты, көкірегі ояу олар балаларының ешкімнің ала жібін аттамай адал азамат болып өсуіне, шетінен жоғары білімді, іскер де қайырымды жандар болып шығуына қам жасап, тілекші болып жүретін. Ата-ананың сол аманатын арқалаған ұлдары Әлімтай, Қайрат, Әлімбек, Әлімқұл бүгінде кәсіпкерлікті шырқ иіріп, әрқайсысы әр жақта бизнеспен табысты айналысып жүр. Молдасейітовтердің туған ауылына «атымтай жомарттығы» аймаққа аңыз болып таралды деуге болады. Қаракемердің қақ ортасынан еңселі мешіт, жүз орындық балалар бақшасын, дәрігерлік амбулатория, спорт кешенін салып тарту еткен болатын.

Өткен сенбіде ауылдық спорт кешенінің жаздық футбол алаңында ағайындылардың бірі Әлімтай Молдасейітовтың 60 жасқа толу құрметіне шағын футболдан аудандық жарыс өтті. Оған Отар, Кенен, Қарасай, Қордай, Ауқатты, Қаракемер ауылдарынан барлығы тоғыз команда қатысты. Жарыстың ашылу және жабылу салтанатына ауыл әкімі, мектеп директоры, ауыл ардагерлері, мерейтой иесінің кәсіпкер достары мен туыстары қатысты.  Тартысты өткен бәсекелерде осы спорт кешенінде жаттығатын алаң иелерінің екі командасы да бірінші, екінші орындарды бөлісті. Ауылдық  спорт кешенінің бас бапкері Нұржан Мұхаметжанов жаттықтыратын 2009-2010 жылғы жасөспірімдердің «Молдасейіт» командасы жастары кіші болғанымен қонақтарға дес бермеді.  Бұл спорт нысанының ауылдың дамуына, жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыруға, спортты насихаттауға белсенді үлес қосып келе жатқанының көрінісі. Жеңімпаздарға мерейтой иесі өз қолымен кубоктар мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.

–    Мына спорт кешеніне соғыста хабарсыз кеткен атамыз Молдасейіттің есімі берілген. Сол кісінің бір дерегін білу әкеміздің үлкен арманы еді. Кейін бұл аманатты орындап атамыздың жерленген жерін іздеп тауып, туған жерінен топырақ апарып, құран бағыштап қайтқан болатынбыз. Атамыздың аты берілген спорт кешенінінен болашақта еліміздің атын шығаратын саңлақ спортшылыр шығарына сеніміміз мол, — дейді Әлімтай Молдасейітов. Алпыс жасын осылай ерекше атап өтуді ұйғарған бұл азамат  Қарасай мектебінде оқып, ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Туған ауылында бригадир, гараж меңгерушісі болған, мұнай базасында еңбек еткен. Бүгінде «KAZTAU  LTD» құрылыс фирмасының басшысы. Зайыбы Сәуле екеуі үш ұл-қыз, төрт немере өсіріп отыр. Әлімтай әр жақта өз бизнесін дөңгелетіп отырған өзге бауырларымен де тығыз қарым-қатынаста. Өткен ғасырдағы   майдангер атаның, шопан әкенің  бүгінгі жасампаз  ұрпағы осындай.

Құрманбек Әлімжан,                                                                                                                         ардагер журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.