ҰЛАҒАТТЫ МАМАНДЫҚ ИЕСІ

0

Білімнің қайнар бұлағынан сусындап, оң мен солын танитын, ұлттық санасы мен кісілік келбеті қалыптасқан ұрпақты тәрбиелеп өсіруде педагогтердің алатын орны ерекше. Ал осы ретте ардақты ұстаздар мен оқушылардың ортақ үйі, білімнің қасиетті қара шаңырағы саналатын мектепке басшылық етіп, өзінің біліктілігімен осынау үлкен ұжымды біріктіре білетін  мектеп директорларының еңбегін елемей кетуге болмас. Өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып келе жатқан мектеп басшылары біздің ауданымызда да баршылық. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев атындағы негізгі мектебінің директоры Тегіс Дәнеғұлов.

 

Соғанды ауылындағы бұл мектеп талай шәкірттің жүрегінен жол тауып келе жатқан іргелі білім ордасы. Оның үстіне толықтай қазақ тілінде оқытатын мектептер қатарында. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мектептің осы күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Бұл ондағы ұстаздардың ерен еңбегі мен оқушылардың білімділігіне, сондай-ақ ұжымның алға қойған мақсаттарын іске асыруға әрдайым білек сыбана кірісетін директордың үлесі мол. Тегіс Ермекбайұлын өзі басшылық ететін білім мекемесінің жұмысын жүйелі ұйымдастырып, рухани демеу көрсетіп келе жатқан арда азамат деп айтуға әбден негіз бар.

Тегіс Дәнеғұлов 1963 жылы 18 қыркүйекте Соғанды ауылында дүниеге келген. 8 сыныптық ауыл мектебінде оқып, жоғары сыныптарды аудан орталығындағы мектептен оқып бітіреді. Мектепті тәмамдаған соң Тараздағы технологиялық институтқа лаборант болып орналасады. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, 1984 жылы әскерден оралып, Красногор совхоз-техникумында (бүгінде Ноғайбай ауылшаруашылығы колледжі) «Механик» мамандығы бойынша білім алады. Кейін Қырғызстан Республикасындағы  И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік Университетінде «Педагогика» мамандығы бойынша білім алған.

Тегіс Ермекбайұлының ұстаздық жолы 1988 жылдан басталады. Қазір өзі басқарып отырған Мұқағали Мақатаев атындағы негізгі мектебінде дене шынықтыру, еңбек пәндерінің мұғалімі болып істейді. Жауапты да келісті қызмет атқарған ол 2007 жылы аталмыш мектепке директор болып тағайындалады. Міне, 16 жылдан бері білім ордасын абыройлы басқарып келеді.

«Менің өмірдегі басты ұстанымым – әділдік пен адалдық. Өз балаларыма осы асыл қасиеттерді саналарына сіңдіріп өсіріп, мектептегі шәкірттерге де ұстаздар арқылы жеткізуге тырысамын», — дейді ұстаз.

Осы қағиданы мықтап ұстанатын Тегіс  Ермекбайұлы бүкіл ұжымды да ісіне адал, жауапкершілікті болуға бастап келе жатқан ақылшысы. Сонымен қатар, қызметтестерін әрдайым жаңашылдықпен жұмыс істеуге шақырып, оқушылардың білімге деген құлшынысын арттыруда талай игі істердің ұйытқысы болуда.

1974 жылы іргесі қаланған мектепте бүгінде 70 оқушы білім алады, 17 мұғалім жұмыс істейді. Барлығы да өз ісінің маманы, оның ішінде 2 зерттеуші, 6 сарапшы, 3 модератор санатындағы педагогтер бар. Өткен жылы М.Мақатаев атындағы білім ордасы шағын жинақталған мектептер арасында үздік атанып,  инновациялық мектептер қатарынан табылған. Ауданаралық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп, айтыс, мүшәйраларда үздік атанып жүрген дарынды оқушылары да жетерлік. Ұстаздары осы жетістіктердің барлығы мектеп басшысының жоғары талабының нәтижесі деп біледі. Өйткені, Тегіс Дәнеғұлов үнемі ізденіс үстінде жүретін, ұйымдастырушылық қабілетімен ұжымды біріктіре білетін азамат. Директорлық қызмет атқарған жылдары ішінде оның жоғары кәсіби тәжірибесі шыңдалып, табандылық, талапшылдық негіздері қаланды. Ол қарамағындағы ұстаздармен өз тәжірибесімен бөлісіп, қамқорлығын да танытып отырады. Еңбегі еленіп, түрлі марапаттардың иесі атанған. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, 2019 жылы Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, бірнеше мәрте Жамбыл облысы әкімінің, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Қасиетті қара шаңырақты әр жылдары басқарған білікті басшылардың қай-қайсы да маған үлгі. 1974 жылы мектеп жаңадан ашылғандағы ең бірінші директоры Кеңес Құсайынов деген кісі болды, одан кейін Сайлау Байбосынов ағамыз, 1983-2007 жылдары Гүлхан Көккөзова апайымыз басқарды. Осы азаматтардың барлығының да мектеп тарихында алатын орны бөлек. Мектебіміз 2018 жылы елу орындық жаңа ғимаратқа көшті. Биыл 10 оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттады, алдағы жылы 9 оқушы 9 сыныпты бітірейін деп отыр», — деп мақтанышпен әңгімеледі директор.

Тегіс Ермекбайұлы жұмыста білікті басшы болса, үйінде бір әулеттің тірегі, ардақты әке, немерелеріне мейірімін төгіп отырған ата. Өмірлік жары Майра Ерболатқызы екеуі үш ұлды тәрбиелеп өсірген. Айтпақшы, Тегіс Дәнеғұлов отбасындағы жалғыз педагог емес. Оның жұбайы, ұлы мен екі келіні де ұстаздық қызметті таңдаған жандар. Жұбайы Майра Ерболатқызы 40 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі мұғалім, математика пәнінен береді. Ал, ұлы Ердос – дене шынықтыру пәні, келіні Әйгерім – география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Облыс орталығында тұратын ұлының келіншегі Тараз Мемлекеттік университетінде «Заң» факультетінде оқытушы.

Тегіс Дәнеғұловты ауылдастары мен ұжымы ашық-жарқын мінезімен, адами болмысымен, өзін де, өзгені де сыйлата білетін қарапайымдылығымен көпке үлгі  азамат деп біледі. Міне, осындай ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген өнегелі әулеттің отағасы биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің деніне саулық, шаңырағына шаттық тілейміз. Мектептің абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін жетістіктері мол болсын демекпіз.

 Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.