ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰРПАҚТАРЫ

0

Республика күніне орай, жаңа айдарлар топтамасы жарық көретін болады. Бүгін сіздерге ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰРПАҚТАРЫ жайында баяндап бермекшіміз. Тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген жастар қандай? Олар кімдер? Дара ма, дана ма? Осынау алтын уақыттың адамдары туралы айтар болсақ.

2004 жылы Қордайда Нұрбол мен Айгүл Сатаевтар отбасында үшемнің дүниеге келгені жайлы аудан жұртшылығы біздің газет арқылы білген болатын. Ал 2005 жылдың мамыр айында редакцияға тәй-тәй басқан балақайлар қонаққа келіп, журналистер қауымын тәтті қылықтарымен сүйсіндіргені есімізде.

Міне, арадан 19 жыл өткен соң біздің сол кездегі кішкентай кейіпкерлеріміздің бүгінгі өмірі жайлы баян етуді шештік.

Өзі сүйкімді әрі күлімдеген бойжеткен есік алдында күтіп алып, үйге кіруімізді өтінді. Әрине, бір кездері өзі жайлы «Қордай шамшырағында» мақала жазылғаны Айсұлудың жадында қалмаған.

Үшемдер – аналары Айгүлдің үшінші жүктілігі еді. Егіз туылатынын естігенде күйеуі екеуі қуанған болатын. Белгіленген уақытта алдымен Нұрсұлу дүние есігін ашты, одан кейін Айбек туылды, ал үшінші сәби Айсұлудың дүниеге келуі жас отбасы үшін мүлдем күтпеген жағдай болды.

Перзентханадан шығаруға бүкіл туыстары жиналды. Үйде үшемдердің ағасы мен әпкесі күтіп отырған болатын. Бүгінде көпбалалы ана Айгүл сол сәттегі қуанышын еске алды, көңілі толқып, аздап үрейге бой алдырғаны да бар. Өйткені жас ана үшін бірден үш баланы күту үш еселенген жауапкершілік емес пе. Отағасы мен туған-туыстарының көмегімен сәбилер өсіп, ер жетті. Уақыт өтіп жатты. Үшемдер мектепті бітіріп, білім алды. Нұрсұлу мен Айсұлу экономист мамандығын алып шықты, Айбек сәулет саласын таңдады. Нұрсұлу мен Айсұлу Қордайда өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Айбек Алматыда еңбек етеді.

-Нұрсұлу арамыздағы көшбасшы, — дейді Айсұлу жымиып. – Біз одан қорқатынбыз, соның айтқанын тыңдайтынбыз. Ол арамыздағы пысық, ақылды әрі қайсар болып өсті. Бүгінде де ештеңе өзгерген жоқ. Ол менің ең жақын досым, ақылшым, қолдаушым, тіреуім. Үшеуміздің арамызда ерекше байланыс бар. Біріміздің көңіл-күйіміз жоқ болса, қалған екеуміз бірден сеземіз. Бала күнімізде біріміз тұмауратсақ, артынан бәріміз ауыратынбыз. Сол кездегі анамның қаншалықты қиналғанын елестете де алмаймын.

Сырттай бір-біріне қатты ұқсағанымен, үшемдердің мінездері әртүрлі. Нұрсұлу – шығармашыл, өлең жазады, көп ойлайды. Дегенмен, оның сабырлы мінезінің астарында өте батыл қыздың мінезін байқау қиын емес. Сіңлісінің айтуынша, Нұрсұлу олардың үштігінде басты қорғаушы болған.

Айбек табиғатынан жұмсақ жанды, өзі музыкаға жақын адам. Ал біздің сұхбаттасымыз Айсұлудың  ең басты қасиеті – қарапайымдылық.

19 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Сатаевтар отбасында тағы бір қыз дүниеге келді. Отбасы Алға ауылынан аудан орталығына көшіп келді. Былтыр Нұрбол мен Айгүл ата-әже атанды. Өмір бір орында тұрмайды. Бірақ, өмірлеріндегі ғажайып өзгерістердің бастауы үшемдердің дүниеге келген күні деп есептейді.

P.S. Статистикаға сенсек, әрбір 250-ші жүктілікте егіздер туылады екен, әрбір 10 000 – үшемдер, ал 700 000 жүктіліктің бірінде төртемдер дүниеге келеді. Демек, үш еселенген бақыт тек әрбір он мыңыншы отбасыға бұйырады екен.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.