Құс етіне деген сұраныс қашанда жоғары. Елімізде ірі қара мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны да құс еті екен. Мұның бір себебі – құс етінің өзге еттерден бағасының салыстырмалы түрде төмендігінен. Десе де, өзге азық-түлік тауарларымен бірге құс етінің бағасы жылда тұрақты түрде қымбаттап келеді.
Бағаның қымбаттауының себептері көп, алайда ең бастысы – құс етінің басым бөлігі елімізге Ресей мен Беларусь және өзге шетелдерден әкелінеді. Осы ретте елімізде құс етін өндіру мәселесіне көңіл бөлінуде. Бұл жұмыс Қордай ауданы басшылығының да назарында. Біздің ауданда құс етін өндіруді «ECO CHICKEN» құс фермасы бастады. Бұл жобаны аудандағы белгілі «Қордай-Корм» ЖШС-нің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Талғат Сарсенбаев қолға алғаны мәлім.
Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиналыста аудандық «ECO CHICKEN» брендінің дамуына қолдау көрсету мәселесі қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Онда аудан әкімі құс бағуға арналған «сендвич-панельдерден» құрастырылған модульдерді орналастыруға жер бөлу және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көмектесу жайын айтты. Себебі, бұл проект өте тиімді және осы іспен айналысқан адамға табысты кәсіп болмақ. Бегзат Болатбеков жауапты мамандарға аталған мәселелерді барлық жағынан қарастырып, тұрғындар арасында құс шаруашылығымен айналасу тиімділігі жөнінде ақпараттар ұсынуды тапсырды. Ондай ақпаратты «ECO CHICKEN» АӨК-нің қызметкерлері толықтай айтып беріп отырады.
Еркін БЕКОВ