Тіл — татулықтың тірегі

0

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Осы себепті оның қолдану аясы, бедел-мерейі мемлекет ішінде емес, халықаралық қатынастар деңгейіне дейін артуы тиіс.

Әр адам туған тілін құрметтеп, әрқашан өз тілінде еркін сөйлейтін болса, оны басқалардан талап ете білер еді. Өкінішке орай елімізде таза қазақ тілінде сөйлейтіндер жеткіліксіз екені ащы да болса шындық. Иә, тарихи жағдайларға байланысты республикамызда екі тіл бар. Ресми тіл саналатын орыс тілі қазақстандықтар үшін этносаралық ретінде қолданады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, тілімізді құрметтеу барша қазақстандықтарға парыз деп білемін. Қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тілі мен ділі, тәрбиесінің түп тамыры деп ойлаймын. Туған тілін жетік білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сол себепті біз балаларымызға бірінші кезекте ана тілін меңгеруді үйретуіміз қажет. Бұл тек ұстаздар қауымының емес, ата-аналардың да міндеті.

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілін үйренемін дегенге барлық жағдай жасалған. Оған қажетті оқу құралдары, әдістемелік бағдарламалар, сөздіктер мен тілашарды баспалар бар. Радио, телевизия, интернет мүмкіншіліктері іске қосылып, жер-жерлерде екі тілді үйретудің курстары мен үйірмелері ашылып, жұрт осы бір игілікті іске үлкен бетбұрыс жасап отыр.

Көпұлтты мемлекетімізде қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері аз емес. Десе де оның саны әлі де болса көңіл көңшітпейді. Мен Қазақстанда тұрып, сол мемлекеттің тілін білгенімді өзіме зор мәртебе санаймын», — деген ақын, әзірбайжан қызы Асылы Османның айтқан сөздерінен ұлты басқа болса да біздің елімізге, тілімізге деген зор құрметін көреміз.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, сауатты жаза білуге үйрету. Алайда оларға тілді үйретуден бұрын өзіміз ана тілімізде күнделікті тұрмыста емін-еркін сөйлеуіміз керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Күләйхан Семетаева, аудандық «Тілдерді оқыту орталығы» оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.