ЖАС САРБАЗДЫҢ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН ЖАТТЫҒУЫ

0

Гвардейск гарнизонының 21450 әскери бөлімінде тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Танкке және өзге де жауынгерлік техникаларға қарсы шабуылды пысықтауға бағытталған шараға 260 жас сарбаз қатысты. Әр ротаның бөлімшелері белгіленген оқу орындарына бөлініп, 1 ай көлемінде меңгерген білімдерін практика жүзінде іске асырды. Алғашқы сабақта мерзімді қызметшілер қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қозғалыс үшін күрделі аймақты санаулы уақытта еңсеруге беттеді. Ал, екінші кезең арнайы қол гранаталарын нысанаға лақтырумен жалғасты. Сержант, офицерлерден құралған тәжірибелі мамандар сарбаздардың әр іс-қимылын бақылап, қате тұстарын түзеуге жәрдемдесті. Үшінші нүктеде қозғалыстағы Т-72 танкіге окопта жасырынып аталған гранатаны дәл тигізді. Бұл қорытынды әрекетке көшпес бұрын аға оқытушылар кедергілер жолағын жабдықтады. Физикалық даярлыққа, оның ішінде оқ-дәрілерді нормативке сәйкес уақытта жеткізу, жаралы адамды қауіпсіз жерге көшіру секілді бірлескен қозғалыстарға машықтады.

“Шынайы ұрыс мекені ретінде ұйымдастырылған бүгінгі сабақтың басты мақсаты — біздерге, яғни жас сарбаздарға тұсауланбай, кез-келген қиын жағдайларға дайын болуға үйрету. Отан алдындағы борышымызды өтеу жолында бүгін тағы бір нық қадам жасадық. Ұстамдылық пен төзімділікті ойға сақтап, жақсы көрсеткішке жетуге тырыстық. Осы ретте, өзге тәртіп пен жаңа талапқа бағыттаған басшылыққа алғысымды білдіремін”, — дейді 3-ші жас сарбаз ротасының жауынгері Тілеген Сарсенбаев.

Отан қорғау ер жігіттің басты азаматтық парызы десек, тактикалық жаттығу елін, жерін шын жүрекпен сүйетін ел қорғандарының өсіп келе жатқандығын тағы бір қырынан көрсетті. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен барлық әскерге шақырылғандар ұрысқа қажетті дағдыларын шыңдап, теориялық ілімін тарқата білді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.