ҚАСИЕТТІ ҚАҒБА АЛДЫНДА

0

Әлемдегі мұсылмандардың саны осы күні екі миллиардтан асқан деген дерек бар. Отызға жуық мемлекетте  ислам мемлекеттік дін болып табылады. Олардың 22-сі араб мемлекеттері болса, Сауд Арабиясы күллі мұсылманды өзіне қаратқан  Меккедегі қасиетті қара тас – Қағба тұрған ел ретінде айрықша орында.

Жыл сайын Құрбан айттағы қажылық уақытында әлемнің 120-дан астам елінен миллиондаған адам Меккеге үлкен қажылыққа келіп жатады. Одан басқа уақыттарда да  Умра, яғни, кіші қажылық жасап  қайтатындар қаншама?!  Біз де, міне, нәсіп болып қасиетті Қағбаға тәу етуге келе жатырмыз. Қажылық жасаушының  бірінші  парызы ер адамдардың ихрамға кіруі, яғни тұттай жалаңаштанып, ғұсыл дәретпен екі бөлек ақ матаға орану болса, оны бесін намазының алдында атқарып алғанбыз. Ал әйелдер жағына бұл міндетті емес,  орамал тағып әдеттегі киімдерімен жүре береді.

Мединеден түсте шыққан жүрдек автобус жол апшысын қуырып-ақ келеді. Жол дегеніңіз осындай-ақ болсын, бір бүртігі жоқ  тақтайдай тегіс. Екі-үш мәрте жол бойындағы мешіттерге тоқтағанда байқағанымыз ашық далада күннің  қырық градустық ыстығы жан шыдатпастай екен. Сондықтан, автобуста да, мешіттерде де кондиционерлер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл ел жыл он екі ай тек салқындатқыштармен ғана жан сақтап отырған тәрізді.  450 шақырым жол бойында айналада көз жетер жерге дейін қызыл керіш тас шоқылар мен ақшағыл құмнан өзге ештеңе жоқ. Біздегідей жайқалған  көгеріш, отарлы малдар байқалмайды, тек, бір-екі жерде мойнын соза маңқиып тұрған түйелерді көргеніміз  болмаса.  Жолбасшымыз Ақберді  қажылық ғибадатының тағы бір шарты ихрам оранғаннан кейін қасиетті Қағба көрінгенге дейін айтылуы тиіс «Ләббәйка Аллаһума ләбәйк» деп басталатын тәлбияны жаттатты.   Қас қарая Меккеге де келіп жеттік. Мейманханаға орналасып алған соң тобымыз жазылмаған күйі атақты  Әл-Харам мешітіне тарттық.

Міне, қарсы алдымызда  исламдық күнтізбелер мен әдебиеттерден көзтаныс,     биіктігі 13 метрлік текше тас — Қағба тұр. Ендігі парыз ихрамнан оң жақ иығымызды жалаңаштап алып оны жеті рет айналып шығу. Қағбаға тәу ету кезіндегі сезімді айтсайшы. Әлемнің әр түкпірінен келген түрі де, тілі де неше алуан, тек бір ғана діни наным біріктірген қисапсыз адамдар осылай текке сабылып жүрмеген болар? Олардың ішінде қарапайым жандардан бастап, дүниенің оқуын тауысқан ғалымдар, түрлі саланың әйдік мамандары, кеудесін соққан бизнесмен, әкім-қараларға дейін жүр.  Екі кез ихрамға орану кім болса да  атақ дәрежесіне қарамай  Алла алдында тең   екенін ескертіп тұрғандай. Барлығын мұнда жинаған құдыретті бір ұлы күштің барлығына еш күдігің қалмастай.  Нөпір адамдар тасқынының ішінде жас пен жасамыс та, сау мен сырқат та, қаріп пен қасір де жүр. Олар Жаратушыдан ауруынан арылуды, қасіретінен құтылуды, жасаған күнәларын кешіруді сұрайды. «Перзенттік парыз туған анаңды Меккеге апарғанда ғана өтеледі» деген сөздің ақиқаты да осында. Кәудіреген қариялар мен ақ шашты аналарды қоларбаға салып алып, Құдайдан олардың денінің саулығын тілеп жүрген жандар да аз емес еді. Біз де Қағбаны айнала жүріп еліміздің амандығы, ағайын-туыстың бірлігі, бала-шағамыздың жарқын өміріне деген  дұға тілегімізді қайталап айтумен болдық. Айналып жүріп бәрі де Қағбаны алақанымен бір сипап қалуға ұмтылып жатыр. Аңызға қарағанда 4 мың жылдай бұрын Ыбырайым пайғамбар мен оның ұлы Исмаил  Алланың пәрменімен құлшылық үйін алғаш саз балшықтан тұрғызып жатқанда Жебірейіл періште көктен түсірген  қол басындай (30 см. жұмыртқа тәрізді)  қара тас  оның бір бұрышына қаланған деседі. Ол тас әу баста аппақ болған екен. Кейіннен адамдардың күнәлі қолдары  тие-тие қарайып кетіпті. Қағба одан кейін он екі рет қайта салынған. Пайғамбарлар мен халифтер заманынан қалған дәстүрмен Қағбаның   алтын жазулы жамылғысы жыл сайын құрбан айт тұсында жаңартылып тұрады екен.

Қасиетті  Қағбаны түн ортасында жеті рет айналып шығып тәуәп етіп болған соң, екі бас сүннет намазы оқылды. Мұнан кейін мешіт ішіндегі 450 метрлік Сафа мен Маруа жоталарының арасын жеті рет жүріп, жасылмен белгіленген аралығын жүгіріп өтіп жүзімізді Қағбаға қарата дұға оқу шарты орындалды. Осыдан соң шаш алдыру рәсімі өтті. Сөйтіп, Умра, яғни, кіші қажылық парызы өтелген болып есептелді.  Бұдан кейін мейманханаға келіп  ихрамнан шығып өз киімімізді киіп алдық. Алғашқы Умра өзің үшін, одан кейін қайтыс болған ата-аналарың немесе қағбаға келуге мүмкіндігі жоқ қатты науқас, кембағал жандар үшін де бәдәл умра атқаруға болады дегесін,  ертеңінде күндіз ихрамға оранып келіп қажылық шарттарын және бір қайталадық. Тіпті, Умраны кейінгі күндері төрт-бес мәрте орындағандар болды.

Қағбаны айнала бірнеше қабаттан тұратын Әл-Харам мешіті орналасқан. Оның ондаған қақпасының қайсысынан кірсеңіз де дәл ортадағы Қағбаға әкеледі. Бұл енді сыйымдылығы жөнінен әлемдегі ең үлкен мешіт. Құрбан айт күндері мұнда бір мезгілде төрт миллионға жуық адам сәждеге бас иетін көрінеді. Эскалатормен жоғарғы қабаттарға көтеріліп-түсіп жатқан қисапсыз адам. Сәл көзің тайса қасыңдағы серігіңнен адасып қалу оңай. Сондықтан, әр қажылық компания өз топтарына түсі бірдей кеудешелер мен зиярат етушінің аты-жөні, топ басшысының телефоны жазылған бейджиктер береді екен.  Мешіттің сыртынан мойны сорайған алып крандар мұнда үлкен құрылыстардың жүріп жатқанының айғағы. Гидіміздің айтуынша кезең-кезеңдік жоспар бойынша 2030 жылға қарай мешіттің сыйымдылығын 7 миллион  адамға дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Ал, әйтпесе!

Әлемдегі ең үлкен сағат та осында. Қағбаның түстік бетіндегі төрт тарапқа қараған   алып сағаттары мен  алтынданған айы бар аса биік әрі әсем ғимарат көз тартпай қоймайды. Мекке мәдениетінің ең көрнекті ғимараты саналатын 120 қабаттан тұратын  бұл Абрадж әл-Бейт мұнарасының биіктігі 601 метрден асады. Уақытты хиджра кестесі бойынша көрсететін, тілінің өзі 43 метрлік алып сағат ондаған шақырым жерден анық көрінеді. Ұшар басындағы алтын түстес жарты айының салмағы 107 тоннаны құраса, оған бекітілген 160 қуатты дауыс зорайтқыштардан шыққан азан дауысы 7 шақырым аумаққа еркін жетеді дейді. Ал, ғимараттың ішінде резиденция, қалталыларға арналған люкс қонақ үйлер, мейрамханалар, сауда үйлері мен емханалар орналасқан. Төменгі қабатында жалпы көпшілік үшін дүкендер мен базарлар желісі орналасыпты.

Киелі жердің тағы бір құндылығы – Зәмзам суы. Мекке мен Медине мешіттерінде таяқ тастам жер сайын зәмзам суы құйылған қатар-қатар бөшкелер қойылған. Шүмегін аш та  қалауыңша құйып алып іше бер. Босаған бөшкелер дереу әкетіліп, орнына жаңалары қойылып жатыр. Ал бұл судың көзі қайда? Әл-Харам мешітіндегі ғажайып құбылыс – замзам бұлағы Матафа алаңында екен. Басқышпен жер астына түсіп сол қасиетті тұманы көруге болады.

Мешіттің шығыс жағында пайғамбар дүниеге келген үйдің орнындағы кітапхананы сыртынан көрсетті.  Меккеде туып Мединеде қайтыс болған  Мұхаммед (с.ғ.с.)  пайғамбардың өміріне қатысты тарихи орындар мұнда да жеткілікті. Бір күн қала маңындағы тарихи орындарға  арналды. Пайғамбар өзін қуған жаулардан қашып паналаған Сәуір тауындағы үңгір, Пайғамбарымызға Алла жіберген алғашқы Құран аяттарын Жебірейіл жеткізді дейтін Қира үңгірі тәрізді  жерлерді барып көрдік. Ал, үлкен қажылық кезінде жыл сайын  Зулхиджа айының 8-ші жұлдызында  Меккеден 40 шақырымдай   жердегі Мина жазығына барып түнеу,  ертеңінде Арафат тауының етегіне барып намаз оқып, Алладан тілек тілеу, күн бата Мұздалифа жазығына жетіп сонда түнеу, ертеңіне қайтадан Минаға оралып шайтан сұлбаларына тас ату, құрбандық шалу, шашты тықырлап алдыру,  Меккеге келіп қағбаны жеті рет айналып, зәмзам судан ішіп қоштасу тәуебін атқару тәрізді парыздар орындалатын жерлерді көрудің әсері тіпті өзгеше. Айтқанға оңай, қырық-елу градустық аптап  күннің астында әлгі жерлерде үш күн бойы ихрамға оранып жүріп далаға түнеу,  жаяулап жүрудің парызы үлкен, атқарылуы да қиын. Бұл Мина жазығына қажылық кезінде жүздеген мың шатыр тігіліп, 3-4 миллион адам осында бірнеше күн ерсілі-қарсылы сабылып мінәжат етеді екен. Күннің ыстығына, соншама көп адамның жиналуынан туындаған кедергілерге шыдамай ана дүниеге аттанып кететін    мұсылмандар да болып жатады екен. Міне, нағыз қажылық сондай қиындықтарға төзу болса керекті.

Жалпы, Мекке орналасқан аймақ біздің Қордай асуындағы тәрізді құжыр-құжыр жартасты, таулы жер екен. Кейбір көпқабатты үйлер  жартаспен жапсарласа салынып, бірігіп кеткендей көрінеді.  Түзу көшелер жоқ, сай-сайды қуалап бірде өрлей, бірде ылдилай, кей тұсында тауды тесіп өткен туннельдермен жалғасады. Ал енді, қай тұсынан қарасаң  да Қағбаның қасындағы   алып сағаты бар ғимарат менмұндалап көрініп тұрады.

Меккеден 80 шақырым жердегі Жидда қаласының ерекшеліктері де өз алдына. Сауд Арабиясының ресми астанасы Эр-Рияд болғанымен,  халқының саны 4 миллионнан асатын Қызыл теңіздің жағасындағы бұл портты қала ел экономикасының астанасы дерлік. Түстігі Үнді мұхитына, терістігі Жерорта теңізіне шығатын теңіз қақпасы екен. Көптеген мемлекеттік мекемелер осында орналасқан. Қазақстанның консулдығы да осы қалада десті. Айтпақшы, Меккеден  шыға берісте үлкен автотрасса үстінен  қаланың символына айналған беті ашық Құран кітабы бейнесіндегі алып арканы көрген едік. Жолбасшымыздың айтуынша, бұл нысанның о бастағы идея авторы Кеңес Одағының осы елдегі алғашқы тұрақты елшісі болған қазақ азаматы Нәзір Төреқұлов болған екен. Есіл азамат әйгілі «отыз жетінің» сүргінінде «халық жауы» делініп атылып кетсе де, киелі өлкеде қазақ атынан бір белгісі қалғанына шүкір дестік. Тағы бір қазақ,  данышпан Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы  «Меккеде қонақ үй салыпты» дегенді естуші едік. Анығында, арғы ғасырда Құнекең атпен, арбамен Меккеге жеткенше  арапа күні өтіп кетіп, қажылығы толық болмайтындықтан, келесі қажылықты тосып тағы бір жылға қалған да елден келушілер паналайтын үй салдырған дейді. Бүгінде оның орнын қайдан іздерсің?

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне Жиддада Хауа ананың қабірі жатыр деседі. Бүгінде келушілер үшін жабық  Ақ мешіттің ауласында кезінде ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына кесілгендердің үкімі жариялы түрде орындалатын болған көрінеді. Кісі өлтіргендердің басы алынған, ұрылардың қолы шабылған, жемқорлардың көзі ойылған дегендей. Әрине, халықаралық адам құқы декларациясының талаптарына сәйкес мұндай жазалар қазір қолданылмайды. Жиддада туристер үшін жағажай демалысы  да жақсы дамыған. Уақыт тауып біз де катерге мініп Қызыл теңіздің жағасында жүзіп келдік. Теңіздің  тұзды суы небір айықпас тері ауруларына дауа екенін білдік.

Жан-жағы үлкен-үлкен ашық күмбездермен көмкерілген Жидда әуежайының аумағы үлкен де көрікті  екен. Сырттағы аптап ыстыққа кереғар салқын лепті лекітіп тұрған   жанға жайлы күту залында құжаттарымызды реттеп, киелі жердің дәмі деп алған құрмалар мен кісі басы бес литрден берген зәмзам сулы багажымызды тапсырып қойып, Алматыдан Умраға ниет еткендердің кезекті тобын әкеле жатқан ұшақтың қонуын күттік. Сәлден кейін сол ұшақпен біз елге қайтамыз.

Ал, енді осы сапардан не түйдік? Ислам адалдық пен шыншылдыққа, шүкіршілік пен сабырлыққа, инабаттылық пен мейірімділікке үйретеді, оның салт-ғұрпы біздің тамырымызға балта шауып жатқан – маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік сияқты кесел-кесапаттарға мүлде кереғар, сыйыспайтын орта қалыптастыратынына көз жете түскендей. Миллиондаған адамды  қасиетті Қағбаға бас идірген құдірет, оның алдына барып сәждеге жығылу арман болса, Алла соты, ар соты алдында тәубеге келетін күн туғанда қандай жауап айтатының үнемі жадыңда жүрсе, жаратушы құдірет сені жалған сөйлетпейді, шалыс бастырмайды деген ойға бекіндік. Жалпы, қажылық сапары кім-кім үшін де ғажайып рухани мектеп,  іштей тазару сапары болмақ. Мұндай сапар Сізге де нәсіп болсын!

Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист.

Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Алматы – Медине – Мекке –Жидда – Алматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.