Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Соның аясында бейсенбі күні Қордай ауданы әкімдігінде «Халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру, қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы Болат Шоманов қатысты.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, бөлім және мекеме басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Іс-шара барысында Болат Шаймолданұлы халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, жалған діни идеялардың таралуының алдын алу және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Спикер «Зайырлылық қағидаттары және еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты», «Деструктивті діни ағым өкілдерінің белгілері және олардан сақтану жолдары», «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» тақырыптарында қарапайым әрі түсінікті тілде баяндама жасады. Сонымен қатар, зайырлылық ұстанымдары, радикализм, экстремизм және терроризм ұғымдарына тоқталып, деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізер зардаптары мен олардан сақтану жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Баяндамашы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 8-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің діни нанымдарын әріптестеріне немесе азаматтарға таңуға құқығы жоқ екенін, сондай-ақ қызметтік жағдайын діни мақсатта пайдалануға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ қызметтік ортада діни іс-шаралар ұйымдастыруға, діни үгіт-насихат жүргізуге немесе қызметкерлерді оған қатысуға мәжбүрлеуге қатаң тыйым салынатынын еске салды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, өзекті мәселелер талқыланды.
Бұдан кейін Болат Шоманов Қордай аудандық полиция бөлімінде, Төтенше жағдайлар бөлімінде және «Қордай» ауыл шаруашылығы колледжінің қызметкерлерімен осы тақырып аясында кездесулер өткізді.