МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

0

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Баршаңызды исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады.

Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар.

Халық арасында ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы: «Дін адамды түзейтін, тәртіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу болады», – деген.

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес…» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.

Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», – деп жауап береді. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен.

Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Осы ретте Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын.

Әрине, еңбектің ақталғаны жақсы. Дегенмен біз «пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала халыққа жасаған жақсылықтарыңызды өздеріңізге еселеп береді. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда «Бақара» сүресінің 272-аятында: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді» деп, мұсылман баласын зор қуанышты хабармен сүйіншілеген.

Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын!

Халқымыз: «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Бұл – мұқтаж адамды қуанышқа бөлеген пенде міндетті түрде Алланың игілігіне кенеледі деген сөз. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметін нәсіп еткей! Әумин!

Азамат АБДРАЗАХОВ, Қордай ауданының бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.