ЖҮГЕРІ ЖИНАУ СОҢЫНА ТАЯДЫ

0

Аманхан Рысымбетов басшылық ететін «Қазақстан-2030» шаруа қожалығында жүгері ору науқаны аяқталуға жақын. Степное ауылының  кіреберісіндегі 20 гектарлық алқапта қазір жұмыс «қызып» тұрған шақ. «Джон дир» комбайндары жұмылдырылып, орылған жүгеріні алып көліктер қоймаға қарай тасымалдап, дамыл табар емес.

— Биылғы жылы алғашқы мәрте тамшылатып суғару әдісін қолданған едік, өздеріңіз көріп тұрғандай, өнім шығымы жаман емес, — дейді ШҚ инженері Курбан Гадиев.

— Егер өткен жылдары егістіктің әр гектарынан 5-6 тоннадан өнім жинап алсақ, биылғы жылы 10 тоннаға жетті. Су үнемдеу технологиясының қолданудың нәтижесі деп білемін. Жүгеріні жинау – көп уақытты қажет ететін күрделі процесс. Қол еңбегін толықтай соңғы үлгідегі механикаландырылған құрылғылармен алмастырдық. Жүгеріні жинауды автоматтандыру үшін комбайн қажет. Техника өзіміздікі. Кезектесіп үш «КамАЗ» жүргізушісі мен екі комбайншы жұмыс істейміз, — дейді инженер.

К.Гадиевтың айтуынша, өзін және кіші інісі Аликоны бұл салаға тәжірибелі ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, әкесі Равшан Гадиев әкелген. Әрине, тілдесу барысында әкесін мақтан тұтатынын да жасырмады. Ауылшаруашылығы еңбеккерлері қанша еңбекақы алады деген сұрақ қызықтырғаны да рас. Инженердің айтуынша, ай сайын кемінде 150 мың теңге қолға алады екен, ал егістікті суғару кезінде әр гектар үшін жұмыс істегеніне қарай ақы алып отырады.

— Жақында жиын-терімді аяқтаймыз, — дейді біз тілдескен маман.

-Сосын келесі жылға дайындықты бастап кетеміз. Білесіздер ғой, аграрлық сала еңбеккерлерінің жұмысы жыл бойы жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.