БАР ҒҰМЫРЫН БІЛІМГЕ АРНАҒАН

0

«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Сондай жандардың бірі емес бірегейі болған, бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған Бектұрған Ауелов.

Бектұрған Жәлелұлы 1938 жылы Бетқайнар ауылында дүниеге келген. Ауыл балаларын білім мен тәрбиеге ұйытып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген азаматтың өмір жолы өнегеге толы.

1946 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттағаны, бірнеше ұлт өкілдері сол мектепті аяқтап, ерте еңбекке араласқаны турасында ұстаздың өз қолымен жазған еңбектерінде айтылған.

Мектеп аяқтаған соң колхозда балға соғушы, одан соң «Путь Ленина» колхозында комбайыншы, механизатор болып үлкен еңбекке араласып кете барады. Сол аралықта отбасын құрып, әр жас отбасы сияқты жаңа үй құрылысын бастап кеткен болатын. Сол кездегі ұстаздар тапшылығын ескере отырып, сонымен қатар Бектұрған Ауеловтың білімпаздығын ескеріп, аудандық білім бөлімі Красныйрисароб мектебіне жұмысқа қабылдап, КирГу-ға сырттай оқуға түседі.

«Рисаробқа күнде жаяулатып немесе жол-жөнекей көлік ұстап барып жүрдім. Жұмыстан соң үйдің құрылысына кірісемін. Балалар жас, бірақ көмек берушілер, қолдаушылар көп болды. Соның арқасында үй де бітті, көп ұзамай балалар да аяқтанды», — деп еске алады ұстаз.

Осылайша ұстаздық жолға бас ұрған Бектұрған Жәлелұлы 1966 жылы Роза Люксембург атындағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі интернат меңгерушісі болып ауысады. Сол кездері ұйымдастырылатын мектеп арасындағы республикалық байқауда екінші орынға ие болып, еңбегінің жемісін көреді. 1973 жылы аудандық партия комитетінің ұсынысымен Киров орта мектебіне директор болып тағайындалады. Сол жылы «Ой жайлау» жастар-комсомол шопандар бригадасын ұйымдастырып, үздіктер қатарына ілігеді.

«Сол жылдары Кировте, қазіргі Кенен ауылында малшылардың балаларын интернат ашуды ұйымдастырып, Кенен Әзірбаевтың саябағына алғаш ағаш отырғызғандар қатарында болдық. Ақынның 90 жылдық мерейтойында мектеп мұғалімдері болып сахналық қойылым да көрсеткенбіз», — дейді өз естеліктерінде кейіпкеріміз.

Білімді, білікті басшыны әрдайым жаңа орындарға жіберу қалыпты жағдай. Бектұрған Жәлелұлы Красногор ауданына қарасты «Аврора» атты пионер лагеріне директорлық қызмет атқарса, кейін Жаңатұрмыс ауылдық мектебіне басшы болып барады.

«Мектеп жағдайы тым нашар еді. МТС-тің барак бөлмелерінде оқушылар сабақ оқитын. Сол кездегі совхоз директоры Байділдаев МТС конторасын жөндеп, төрт сынып етіп жасап берді. Келесі жылы атқора болған ғимаратты жасап, іші-сыртын әктеп, от жағылатындай етіп жасап, сегіз жылдық мектеп болып аталдық. Көп ұзамай совхоз директоры Жылқыбай Арпабековтың бастамасымен ауылда үш қабатты мектеп салынатын болып шешілді. 1982 жылдың жаңа жыл мерекесін оқушылар мен ауыл халқы болып жаңа оқу ошағының мәжіліс залында үлкен қуанышпен қарсы алдық».

Қызметке барған жерінің берекесін келтіріп, тынбай еңбек етіп, білім саласының артуына орасан зор үлес қосқан Бектұрған Ауелов көптеген марапаттарға да ие болған. Мәселен, 1980 жылы «Қазақ ССР-нің халық ағартушы ісінің үздігі» атағын алса, 1985 жылы «Кеңес Одағының халық ағарту ісінің үздігі» атанады. 1989 жылы «Еңбек ардагері» төс белгісін кеудесіне тағады. Қазақстан мұғалімдерінің V съезіне делегат болып қатысқан. Тәуелсіздік таңы атқаннан соң да Егеменді елдің ұрпақтарын білімге үйретіп, 2000 жылға дейін ұстаздық қызметін жалғастырған тамаша педагог. Өзі үлкен еңбек сіңірген Жаңатұрмыс орта мектебі жұбайы Күлпаш апай екеуін үнемі мерекелік кештерінен қалдырмай, тіпті мерейтойларын да атап өтуге үнемі атсалысып келген.

Бүгінде өзі өмірден өтсе де артында мыңдаған шәкірті қалған, бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген Бектұрған Ауеловтың жарқын дидары оның көзін көрген, білім алған, жанынан табылған жандардың жадынан өшпейді. Қадірлі ұстаз биылғы жылдың қараша айында 85 жасқа толар еді. Алайда, өзін көрген, білім алған шәкірттері барда оның жарқын бейнесі ұмытылмақ емес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.