Жер – адамзат тіршілігінің негізі, елдің экономикалық дамуы мен құрылыс жұмыстарының басты тірегі. Қай заманда да адам баласы өзі өмір сүріп жатқан ортаны танып-білуге, жердің көлемі мен шекарасын анықтауға, табиғи ерекшеліктерін зерттеуге ерекше мән берген. Бүгінде бұл жұмыстар ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып, жаңа деңгейге көтерілді.
Әсіресе, жерді өлшеу, оның бедерін зерттеу, аумақтың шекарасын белгілеу және нақты карталар мен жоспарлар әзірлеу ісінде геодезистер мен топографтардың еңбегі айрықша. Көзге бірден байқала бермейтін, алайда кез келген құрылыс пен аумақты жоспарлаудың негізін құрайтын бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, дәлдікті және кәсіби біліктілікті талап етеді. Топограф – жердің картасы мен жоспарын жасауға қатысатын, аумақтың табиғи және географиялық ерекшеліктерін зерттейтін маман. Олар жер бедерінің пішінін, биіктігін, еңісін, су айдындарының орналасуын және басқа да маңызды көрсеткіштерді өлшеп, жинақталған мәліметтер негізінде арнайы жоспарлар мен карталар әзірлейді. Ал геодезистер жер бетіндегі нүктелердің орналасуын, олардың арасындағы қашықтық пен биіктік айырмасын анықтап, түрлі нысандардың нақты координаталарын есептейді. Бұл екі бағыт бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені жер туралы нақты әрі сенімді ақпаратсыз құрылыс жүргізу, инженерлік желілерді орналастыру, жол салу немесе аумақты тиімді жоспарлау мүмкін емес.
Қордай ауданында да жердің ерекшеліктерін зерттеп, геодезиялық-топографиялық жұмыстарды атқарып жүрген мамандар бар. Олар аудан аумағындағы жер учаскелерін зерттеп, қажетті өлшеулер жүргізіп, жердің кеңістіктегі орналасуы мен биіктік көрсеткіштерін анықтайды. Бұл жұмыстардың нәтижесі жерді игеру, құрылыс нысандарын жобалау және аумақтың инфрақұрылымын дамыту кезінде маңызды рөл атқарады.
«Біздің мамандар Қордай ауданы бойынша геодезиялық-топографиялық жұмыстар атқарады. Қарапайым тілмен айтқанда, жер учаскесінің шекарасын, олардың биіктігін анықтайды», — дейді «Топография груп» ЖШС директоры Әсет Бальтаев.
Шынында да, сырт көзге қарапайым өлшеу сияқты көрінетін бұл жұмыстың астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі жерге қатысты кез келген мәліметтің нақты болуы кейінгі жұмыстардың сапасына тікелей әсер етеді. Мәселен, белгілі бір аумақта тұрғын үй немесе өндірістік нысан салу жоспарланса, алдымен сол жердің табиғи жағдайы мен бедері зерттеледі. Жердің биіктігі, еңісі, шекарасы, қолданыстағы жолдар мен инженерлік желілердің орналасуы анықталады. Осы мәліметтер құрылыс жобасын дұрыс әзірлеуге мүмкіндік береді. Егер бастапқы өлшеулерде қателік кетсе, ол жобалау барысында да, құрылыс кезінде де түрлі қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан геодезиялық-топографиялық жұмыстардың сапасы мен дәлдігіне ерекше назар аударылады. Геодезия – жердің пішіні мен көлемін, оның бетіндегі нүктелердің орналасуын зерттейтін ғылым. Оның мүмкіндіктері қазіргі қоғам өмірінің көптеген саласында қолданылады. Қала, аудандар мен ауылдарды жоспарлау, жаңа тұрғын үйлер салу, автомобиль жолдары мен теміржол желілерін жүргізу, көпірлер мен су қоймаларын тұрғызу, жер учаскелерінің шекараларын белгілеу – осының барлығы геодезиялық мәліметтермен тығыз байланысты. Сонымен қатар геодезия ауыл шаруашылығында, жер кадастрында, табиғи ресурстарды басқаруда және қоршаған ортаны зерттеуде де маңызды орын алады. Бүгінде елді мекендердің аумағы кеңейіп, инфрақұрылым нысандары көбейіп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мұндай жағдайда әрбір жер учаскесінің орналасуын, көлемін және ерекшеліктерін нақты білу қажет. Жаңа ғимарат салынатын орынның жер бедері алдын ала зерттелмесе, құрылыс кезінде топырақтың ерекшелігіне, жердің еңісіне немесе су жиналатын аумақтарға байланысты мәселелер туындауы ықтимал. Ал сапалы топографиялық түсірілім осындай тәуекелдерді ертерек анықтауға көмектеседі. Яғни мамандардың жұмысы құрылыс басталғанға дейін-ақ болашақ нысанның қауіпсіздігі мен тиімділігінің негізін қалыптастырады. Кейде мамандар ашық далада, кейде елді мекендерде, ал кей жағдайда еңісі күрделі немесе өсімдік жамылғысы қалың аумақтарда жұмыс істеуге мәжбүр болады. Қай жерде жүрсе де, олардың басты міндеті – өлшеулердің дәлдігін қамтамасыз ету. Далалық жұмыстарда теодолит, нивелир, электрондық тахеометр, спутниктік геодезиялық қабылдағыштар және басқа да заманауи құрылғылар пайдаланылады. Әр аспаптың өзіндік қызметі бар. Мысалы, нивелир биіктік айырмасын анықтауға мүмкіндік берсе, электрондық тахеометр бұрыштар мен қашықтықтарды өлшеп, нүктелердің координаталарын есептеуге көмектеседі. Дегенмен заманауи техника маманның білімі мен тәжірибесін алмастыра алмайды. Аспаптан алынған мәліметтерді дұрыс түсіндіру, өлшеу нәтижелерін салыстыру, ықтимал қателерді анықтау және соңғы қорытындыны сауатты әзірлеу үшін терең кәсіби білім қажет. Сондықтан аталған мамандардың жұмысы тек құрылғыны іске қосып, көрсеткіштерді тіркеумен шектелмейді. Ол математиканы, геометрияны, физиканы, картографияны, географияны және ақпараттық технологияларды жақсы меңгеруі керек. Сонымен бірге өлшеу әдістерін, координаталар жүйесін, геодезиялық есептеулерді және картографиялық материалдарды әзірлеу тәртібін білуі маңызды.
Қорыта айтқанда, геодезия мен топография – қазіргі заманның ажырамас салалары. Оларсыз жерді жүйелі зерттеу, құрылыс нысандарын дұрыс орналастыру, аумақтарды тиімді жоспарлау және кеңістіктік мәліметтерді нақтылау қиын. Бұл кәсіп иелері көзге бірден түсе бермейтін, бірақ нәтижесі күнделікті өмірімізден анық байқалатын маңызды жұмыс атқарады. Жердің әрбір нүктесін өлшеп, оның ерекшеліктерін анықтау арқылы олар болашақ жобалардың берік негізін қалыптастырады. Сол себепті геодезист пен топографтың еңбегі дәлдікті ғана емес, терең білімді, табандылықты және елдің дамуына деген жауапкершілікті талап ететін қадірлі мамандықтардың бірі болып қала береді. Істің қисынын тапқан мамандарға сәттілік тілейміз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ