Өткен жұмада қордайлықтар ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесін атап өтті.
Аудандық әкімдікте өткен салтанатты іс-шараға егін салып, төрт түлігін түлеткен шаруалармен қатар ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері қатысып, үздік еңбеккерлер марапатталған еді.
Жалпы, Президентіміздің ауыл шаруашылығын дамытып, заманауи технологияларды пайдалану арқылы саланы жаңғыртуға, түрлі инновациялық тәсілдермен оны өркендетуге үндеп келетіні көпшіліктің көз алдында. Мемлекет басшысының бұл бастамасы бірнеше жылдан бері Қордай жерінде сәтті жүзеге асып, жергілікті шаруалар биылғы жылдағы суармалы су тапшылығына қарамастан көңіл көншітетін нәтижемен аяқтады.
Салтанатты жиын барысында осы іспеттес ауданның игі жетістігін әңгімеге арқау еткен аудан басшысының орынбасары Жұлдызбек Бақаев ауыл шаруашылығы саласының барша еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтай келе ел абыройына бөленіп, саланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
Айта кетсек, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН» медалімен келесі азаматтар марапатталады: Қуанышбек Абдықалықов, Кәріпбек Абдықалықов, Қыдырбек Абылғазиев, Назира Алиева, Құранбай Алмаханов, Анатолий Дьяченко, Тұрсынжан Сәбитов, Баймұхамбет Тоқбергенов, Харсан Лочь, Исмар Биджангуйди, Лугмар Губеев.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының І дәрежелі «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» белгісімен марапатталғандарды тізіп өтсек: Мұржық Баймырзаев, Күлімбүбі Райқұлова, Кітапбай Жарықбасов, Ұлтуар Тайчибекова, Серік Чанбаев.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» белгісімен Арасан Әбілқасымов, Марал Әбілқасымов, Николай Тинякин, Александр Хоменко, Александр Храмцов және Андрей Храмцов марапатталды.
Жұлдызбек Бақаев еңбеккерлерге отбасыларына амандық, істеріне сәттілік тілеп, естелікке суретке түсті.