COVID-19 вирусымен қалай күресу керек?

0

Маңызды кеңестер

Өз бетімен емделмеңіз!

Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, әлсіздікті сезіп, сырқаттанып тұрсаңыз, жиі терлеп, денеңіз сырқырап, басыңыз ауырып, тамағыңыз жыбырлап, жөтелсеңіз, иіс пен дәм сезбей, дене қызуыңыз 38 градусқа дейін көтеріліп, оған іш өту қосылса, дереу тіркелген жеріңіз бойынша дәрігерге хабарласыңыз. Бүгінде емханаға бармай-ақ қашықтықтан, яғни телефон арқылы кеңес алу мүмкіндігі бар. Өз бетімен дәрі ішпеңіз, бұл істі клиникалық хаттаманы және барлық қауіп-қатерді білетін маманға қалдырыңыз. Қал-жағдайыңыздың күнделігін бастағаныңыз жөн.

Міндетті түрде үйде отыру қажет. Жұмыс орнына хабарласып, сырқаттанғаныңызды айтыңыз. Күн сайын дәптерге дене қызуы, жүректің соғуы, тыныс алу жиілігі, күретамырлық қысым, кез-келген белгілер туралы жазба жасаңыз.

Мұндай жазбалар дәрігерге емдеудің дұрыс тактикасын таңдап, оны қант диабеті, гипертония, жүрек және өкпе аурулары, семіздік сынды қауіп-қатер факторларын есепке алып түзетуге мүмкіндік береді. Антибиотикпен абай болыңыздар! Сабыр сақтап, көңіл-күйіңізді түсірмеңіз, сонымен бірге демалып, 1 килограмм салмаққа 30-50 миллилитрге дейін есептеп бөліп су ішкен абзал. Дене қызуын түсіретін препараттарды тек температура жоғары болғанда ғана қолданыңыз. Дене қызуы 38 градустан жоғары көтеріліп кеткен жағдайда 500 мг парацетомолды (тәулігіне 4 таблеткадан көп емес) немесе 200-400 мг ибупрофенді (4 таблеткадан көп емес) қолдануға болады. Коронавирустық инфекция жеңіл өткенде антикоагулянт қолданбау және антибактериалдық терапия жүргізбеген дұрыс. Біріншіден, сау ағза вирусты 5-7 күн ішінде өз бетімен жеңіп шыға алады. Екіншіден, антибиотиктерді ұзақ қолданған жағдайда бактериялар оларға төзімді болып алуы мүмкін. Сонымен қатар, сізге олар іс жүзінде қажет болған жағдайда олар әсер етпей қалады.

 

Бұл әдеттегідей тұмау емес

 

Егер дене қызуы 38-38,5 градустан жоғары болғанда денеңіз қалтыраса, булықпа жөтел, ентігу, бас ауруы, қанды қақырық, тахикардия, бұлшықеттік шаршау, құсу, жүрек айнуы  пайда болып, кеудеңіз ашып, тамаққа тәбетіңіз тартпай, күретамырлық қысым төмендеп, тері жабысқақ және цианотикалық немесе көгілдір тартса, бұл пневмония болуы мүмкін. Бұл жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет, ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмек шеңберінде сізді тегін өкпе рентгенографиясы мен КТ-ға жолдау керек. Аудандық орталық ауруханада рентген кабинеті және аппарат бар. Анамнезинде гипертензия, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы өкпенің обструктивті ауруы немесе тыныс демікпесі аурулары бар науқастар жағдайының ауырлығына қарамастан алғашқы белгілер пайда болғанда емдеуші дәрігерге хабарласу қажет.

 

Вирус өкпеге еніп кетсе

 

Диагностикалық зерттеумен өкпенің 30 пайызға дейін зақымданғаны расталса, пульсиксометр арқылы сатурацияны бақылау қажет. Бұл қанның оттекпен қанығу дәрежесін анықтаудың инвазиялық емес тәсілі. Жеңіл түрі барысындағыдай дене қызуын парацетомол мен ибупрофенмен түсіруге, өкпенің төменгі негіздік бөлімінде ауа алмасуының азаюының профилактикасын өз бетімен жүргізуге болады. Бұл үшін науқас екбетімен күніне 4 рет 1 сағаттан кем емес уақыт жату керек. Қан ұюдың қауіптілігі жоғарылаған жағдайда дәрігер профилактикалық мөлшерлерде 10-20 күн антикоагулянт ішуді тағайындауы мүмкін. Ал, бактериялық жұқпа екінші рет қосылғанда макролидтер тобының антибиотиктері немесе Амоксициллин тағайындалуы мүмкін.

 

Жедел жәрдемге қашан қоңырау  шалу керек?

 

Дене қызуы 3-5 күннен аса түспесе немесе қысқа мерзімге қалпына келіп қайта көтерілсе, жөтел пайда болып немесе күшейсе дәрігердің күн сайынғы бақылауы қажет. Дем алу жиілігі минутына 24-тен асса, ентігу күшейіп, сатурация 95 пайыздан төмен, күретамырлық қысым төмен, ал тахикардия немесе жүрек соғуы 100-ден асып кеткен жағдайда шұғыл провизорлық немесе инфекциялық стационарға жатқызу қарастырылған. Ол үшін жедел жәрдем шақыру қажет. Емдеу тактикасын аурухана дәрігері анықтайды.

 

Сауыға бастасаңыз

 

Үш күн бойы температура жоқ болып, регрессия басталса, яғни респираторлық белгілер азайып, КТ немесе рентгенде өкпенің зақымдану көлемі 50 пайыздан аз болса емдеуді әрі қарай қалай жүргізу қажеттілігі бойынша кеңес беріп, дәрігер сізді ауруханадан шығаруға құқылы. Бұл кезде дүкен аралауға, көшеде жүруге, басқа қоғамдық орындарда болуға, қонақ күтуге тыйым салынады. Тест тапсыру үшін зертханаға бармаған абзал, себебі сізде клиникалық белгілер бар және пандемия кезінде олар тесттің оң немесе теріс нәтижесіне қарамастан коронавирустық жұқпаның белгісі болып бағаланады. Компьютерлік томография жасау үшін медициналық ұйымға бару қажет емес – өкпедегі өзгерістер аурудың белгілі кезеңінде білінеді, болмашы өзгерістер емдеу тактикасын өзгертпейді.

 

И.Каплунова, аудандық орталық ауруханасының инфекционист дәрігері

Leave A Reply

Your email address will not be published.