Ұстаздық қызмет – үлкен жауапкершілікті, тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Шәкірт жүрегіне жол табу да оңай емес.
Ал қос ұстаздың бас қосып, еңбек жолында да, өмір жолында өзгелерге өнеге бола білуі – нағыз ерлік. Ноғайбайлық Мұрат пен Зәуре Арыновтардың өмір жолымен таныса келе, осындай ойға келдік.
Әуелі отбасының тірегі Мұрат Арынов туралы тарқата жазсақ. Мұрат Жүнісұлы Жамбыл облысы Қордай ауданы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. Қордай ауданы, бұрынғы Михайловка ауылында дүниеге келген ол 1985 жылы Алматының шет тілдері педагогикалық институтын «Француз және неміс тілдерінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтаған. Ал 1991 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқып бітірген. Ұстаздық еңбек жолын №34 Нығмет Сауранбаев атындағы негізгі мектебінде неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Осы мектепте 10 жыл еңбек етіп, 1994 жылы №35 Рза Қунақова атындағы орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Міне, осы білім ордасында табан ауыстырмай жұмыс істеп жатқанына биыл 29 жыл.
Өмірде де, қызметте де қарапайымдылық пен кішіпейілділік жолын нық ұстанатын Мұрат Арынов ауылдың жас-үлкеніне бірдей сыйлы азамат. 40 жылға жуық уақыт балаларға білім дәнін сеуіп келе жатқан жан ұстаз болу әркімге бұйыра бермейтін бақыт деп біледі. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», деп хәкім Абай атамыз айтқандай, көп жылдан бері шаршамай, талмай, осы балаларымыз өткенін білсін, тарихын танысын деп оқытып келеміз. Заман көшіне ілесіп, инновациялық жұмыс түрлерін қолдануға тырысамын. Ең бастысы пәнге деген қызығушылықтарын арттыруға баса мән беремін. Сонымен қатар, дарынды оқушыларымның білімін, шеберлігін шыңдап, шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытуға да көп көңіл бөлемін,-дейді кейіпкеріміз.
Әр педагог үшін оқушысының жетістікке жеткенін көруден асқан бақыт жоқ. Мұрат Жүнісұлы да шыңға шыққан шәкірттерінің көптігімен мақтанады. Оның оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен қашықтық олимпиадаларының жүлдегерлері. Мәселен, шәкірті Сағымбай Жәмиля 2017 жылы «Тарих Ата» Республикалық олимпиадасына қатысып, жүлделі 3-ші орынды иеленді. Бағашар Самал «Тәуелсіздік-Мәңгілік Елдің Тұғыры» атты республикалық оқушылар байқауында ерекше шығармашылық қабілетімен дараланған «Жас ақын» номинациясымен марапатталды. Ұстаздың дайындаған оқушылары ҰБТ-дан да әрдайым жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал М.Арыновтың түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салаларда еңбек етуде. Олар қазақ тілі, дене шынықтыру, тарих және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері, сонымен қатар білікті дәрігерлер, қаржыгерлер, инженерлер, әскери офицерлер, менеджерлер және т.б.
Мұрат ағаның жұбайы Зәуре Арынова – ағылшын тілі пәнінің оқыту жолдарын жан-жақты, заманауи талапқа сай жетік меңгерген педагог-зерттеуші ұстаз. Зәуре Жұмабекқызы №35 Рза Қунакова атындағы орта мектебінде 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әр сабағында тілді меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқу-тәрбие үдерісінде жеке тұлғаның өз бетінше білімін дамытуына үлесін қоса білетін алдыңғы қатарлы мұғалімнің бірі. Өз іс-тәжірибесінде оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс- әрекетке ынталандыра отырып, дарынды балалармен жұмыс жүйесін жоғары деңгейде жүргізеді. Соңғы үш жылда оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық әртүрлі байқау мен олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Республикалық «Мен полиглотпын» атты байқауда 3 оқушысы- І орын иегері, халықаралық «British Bulldog» олимпиадасында оқушылары жүлделі I, II аудандық және облыстык пәндік олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды.
Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылында өз пәнінің шебері ретінде «Ағылшын тілі қазақ халық ертегілер әлемінде» тақырыбында авторлық бағдарламасын 7-сыныбында апробациядан өткізіп, озық тәжірибе таратты. «Әлемдік кеңістікте Қазақстан жастарының қолжетімді білім алуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі маңызды. Сондықтан авторлық бағдарлама оқушыларға ағылшын тілін меңгеруіне жол ашатын, өзін-өзі дамытып, ағылшын тілінде еркін сөйлеуге көмектесетін құрал ретінде таратылды. Бұл бағдарламаның басты жаңашылдығы оқушылардың тек ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, өз ұлтының патриоты болуға, ұмытылып бара жатқан халық қазыналары – қазақ ертегілерімен таныс болуға, ең бастысы, ағылшын тілін үйрену үрдісіне қазақ халық ертегілерін кіріктірудің нәтижесінде, бұл үрдістің оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де қызықты әрі шығармашылыққа толы әрекетке айналуында жатыр»,-дейді Зәуре Арынова.
Қанша шәкірт пен ата-ананың алғысын арқалаған қос ұстаздың жеткен жетістіктері, марапаттары аз емес. Мұрат Жүнісұлы білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі,жас ұрпақтарды оқытып тәрбиелеудегі қосқан қомақты үлесі үшін Жамбыл облысы Білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Зәуре Жұмабекқызы әр жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет Грамотасымен, Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 2021 жылы ІІІ дәрежелі облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жеңімпазы атанған.
Расында, мұғалім болу жеңіл болып көрінгенімен, нағыз өз ісінің маманы атану әркімнің қолынан келе бермесі анық. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметке өмірлерінің ең қымбат кезеңдерін арнаған қос ұстаз Мұрат Арынов пен жұбайы Зәуре Арынова еңбек ете жүріп, ұрпақ өрбітіп, өнегелі отбасы атанды. Үш қызы да оқуға ынталы, зерек болып, ата-анасының берген саналы тәрбиесінің арқасында өмірде өз жолдарын таба білді. Үлкен қыздары Әсел Арынова әкесі мен анасының жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдады. Бүгінде аудан орталығындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ортаншы қыздары Әлия Мұратқызы Түркиядағы GATE TEKFEN BRANCH компаниясында мобилизация және кадр даярлау бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. PhD доктор ғылыми дәрежесі бар, оқу барысында АҚШ, Нидерланды елдерінде тағылымдамадан өткен. Кенже қыздары Айжан Алматы қаласында қаржыгер болып жұмыс істеуде.
Бүгінде әулеттің қос тірегі, перзенттерінің ардақты ата-анасы, немерелерінің қадірлі ата-әжесі Мұрат пен Зәуре Арыновтар мұғалімдік қызметпен өрілген өмірлеріне шүкіршілік етеді. Отағасы Мұрат аға 30 қаңтар күні 63 жасқа толады. Ұлағатты ұстазды зейнет жасына шығуымен құттықтаймыз!