Той тізгінінде – асаба АНДРЕЙ

0

Андрей Булгаков – талай қазақ тойларының көркін қыздырып, сәнін келтіріп жүрген қордайлық асаба. Алға ауылының тумасы ұлты орыс болғанымен, жаны да, тілі де қазақ. Үлкенді-кішілі мәдени шараларды, отбасылық салтанаттарды басқаратын Андрей қазақтың мақал-мәтелдерін орынды пайдаланып, көркем тілде сөйлегенде кейбір қаракөздердің өзін шаң қаптырып кететініне көпшілік куә.

Оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында, қара домалақтардың ортасында өсуі сеп болған. «Бала кезімнен нағашы ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Ал нағашы атам қазақ болған. Оның үстіне ауылдың балаларымен тай-құлындай тебісіп өстік қой. Асық ойнап, ләңгі тебетінбіз. Мектепті қазақша оқып бітірдім.  Мұсылманмын, Аллаға шүкір, Құранды да оқи аламын. Сондықтан жүзім басқа болғанымен жаным қазақ. Тіпті, орыс тіліне шорқақпын»,-дейді асаба.

Андрей Игоревич асабалық өнерімен қатар, бірнеше отандық телехикаяларға, фильмдерге де түсіп үлгерген. Ең алғашқы эпизодтық рөлін бала кезінде сомдаған. «Ауылда бір телехикаяның түсірілімі болып жатқан. Сол жобаға жауапты кісілер ауылда қазақ тіліне судай орыс бала барын естіп, мені түсірілім алаңына алып келді. Сөйтіп алғаш рет киноға түскенім бар. Кейінірек «Кейкі мерген», «Қаламгер», «Егіз ғұмыр», «Өмір иірімі» телехикаяларында эпизодтық рольдерді, екінші рольді сомдадым».

Ал кейіпкеріміздің той басқарып жүргеніне екі жылға жуықтаған. Асабалық қызметке ойламаған жерден келдім дейді өзі. «Таныстарымның бірі осы іс сенің қолыңнан келеді деп, той жүргізіп көруге кеңес берді. Ең алғаш 60 жас мерейтойды басқардым. Басында қалай өтеді екен, қонақтарға ұнай ма, деген секілді қобалжу болды. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтіп, той иелерінен алған алғыс сенімімді арттыра түсті. Осы тұста айта кететін нәрсе, тойдың жақсы өтуі тек асабаға ғана емес, қонақтарға тікелей байланысты. Кейде бір әзіл айтсам, оны әр тойда әрқалай қабылдап жатады»,-дейді асаба.

Асаба Андрейді танымайтын халық оның қазақ тілінде сөздің майын тамызып тұрып сөйлегенін көргенде таңырқап қалатыны шындық. Дастархан басына жиналған жұртты аузына қаратып, олардың ризашылығын алып жүрген асаба жігіт Қордай ауданынан бөлек, облысымыздың өзге аудандарында, Түркістан, Алматы қалаларында да той тізгінін ұстайды.

Жүрегі қазақ деп соққан 34 жасар Андрей Булгаков еліміздің әрбір тұрғыны ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді  білуі және құрметтеуі тиіс деп санайды. Сол себепті өзінің қыздарын да қазақ сыныбына берген.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.