Балабақша кез келген адамның өміріндегі қайталанбас және ерекше кезең. Мұнда тұлға, мінез, алғашқы білім қалыптасады. Ал көп нәрсе ұжымның сауаттылығы мен кәсіби біліктілігіне байланысты. Өйткені, әрбір ата-ана баласының дамуындағы алғашқы жылдарында қасында білікті педагогтардың болғанын қалайды.
Жақында Әлжан ана ауылында «Жүрегімді балаларға арнаймын» атты аудандық фестиваль өтті. Оған облысымыздың түкпір-түкпірінен келген мектепке дейінгі білім мекемелерінің ұжымдары қатысты.
«Керімбала» балабақшасының ұжымы бас жүлдені жеңіп алып, өзінің кәсіби шеберлігін, балаларға деген адалдығын және сүйіспеншілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өйткені мұнда ұстаздықты кәсіп емес, өмір салты деп білетін адамдар жұмыс істейді. Фестиваль нәтижесі бойынша балабақша ұжымы Тараз қаласына осындай тақырыптағы облыстық байқауға қатысуға шақырылды. Бұл байқауға Тараз қаласының балабақшалары қатысты. Бұл жолы да бас жүлде «Керімбала» балабақшасына бұйырды. Құттықтаймыз!