ЕСКІЛІКТЕН АРЫЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

0

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – еліміздегі көптеген отбасыларда кездесетін күрделі әлеуметтік проблема. Мемлекеттің бұл мәселемен күресудегі күш-жігеріне қарамастан, ол өзінің ізін жалғастыруда.

Жағдайға толыққанды шолу жасасақ…

Зорлық-зомбылық деген не? Бұл проблемадан арылу жолында ішкі істер органдары қызмет ете ме және мемлекет өз назарына алды ма?

Ең алдымен, ол азаматтардың құқығын бұзатын, бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау, қорқыту, психикасына әсер ететін факторларды қолданып, адам бойына тән жарақатын салу. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

“Отбасының өнегесі – Отан өнегесі”, — деген сөз оның қоғамдағы орнына айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке орай, сан мыңдаған түрлі жағдайға байланысты, шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбидің жаутаңкөзге айналып жататын кездері аз емес. Әрине, бойында жатқан сенімділігі жоқ, өз алдында қадірі жоқ еркектің үй ішіне қол жұмсауы – белгілі дүние.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі шалдығып, зардап шегетіндер – әйелдер мен балалар. Бала үшін өз үй ең қауіпсіз жер санала бермейтінін айғақтайтын қаншама факторлар бар. Алайда күш көрсету үй ішінде орын алғандықтан және аса көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындала бермейді.

Ауыр болса да, ащы шындық, әйел білімінің саяздығы, жұмыс тауып, қызмет етуге деген қабілетсіздігі – бірінші фактор болып саналады. Толыққанды білімнің жоқтығы және орта білім деңгейінде тоқтап қалу – әйелдің өзіне деген жауы болып шыққаны ма? Иә. Себебі бұл фактор әйелдің өзіне деген сенімділігін жойып, ер адамға толық тәуелділік туғызады.

Ұят. Абайдың ілімінде, оның даналық түсінігінде адамның адамшылығы, ең игі қасиеті— жан сақтау емес, ар сақтау. Тыныш жүрген адамға ешкім барып даурығып, шекпенін шешіп алмайды. Ал ажырасқан әйелге қоғам көзқарасы қандай? Сәл дүние қозғалса, “Ұят болады” деп шырылдайтын жұртымыздың түсінігі сонау XX ғасырда қалып қойған сынды. Сонда арың таза болу үшін тәнің опық жеу керек пе?!

Небір сасық кеуде мен соқыр жүректі адамдардың лас пікірінен қорқатын әйел қаншама. Дегенмен, өз бақытыңның кілтін табу мақсатында жүрген жолға ұялу – шын ұят емес, ақымақтық.

Қазіргі қоғамда жас қызды ерте тұрмысқа беру, атастыру, алып қашу сынды ескі дәстүр түсінігіндегі ұғымдар әлі күнге дейін таңғаларлық дүние емес. Соның салдарынан қыздар тиісті білім ала алмайды. Кейін, егер ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, бөлек шығып кетуге керек білімі де, тиісінше, қаражаты да болмайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз жастар, сапалы білім алуды көздеуіміз керек. Тағдыр соқпағы әрқайсымызға тиюуі мүмкін. Сондықтан, одан шығу жолдарын да қарастыруымыз шарт.

Инаят СЕРІК, оқушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.