Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы екені сөзсіз. Сіздер ұрпақ тәрбиелеу арқылы тұтас ұлтты тәрбиелеп, елдің болашағын қалыптастыруға тікелей үлес қосып келесіздер.
Сол себепті аналарды ардақтап, аруларды құрметтеп,
әрдайым қадірін биікте ұстауға міндеттіміз деп білемін.
Қай заманда болмасын, адамзаттың ең асыл армандары мен нәзік сезімдері әйел затымен байланысты болған. Бұл күн — ең алдымен, ана жылуы мен мейіріміне құрмет көрсетер отбасылық мереке.
Шын мәнінде, бүгінде әйелдер қауымы отбасылық құндылықтарды сақтаумен бірге, қоғамның барлық салаларында қажырлы еңбек етіп, мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің әр саласында білек сыбана еңбек етуде. Ауданымызда да елдің дамуы мен өркендеу жолында жігері мен қайратын аямаған нәзік жандылар аз емес. Жасөспірімдерге білім мен тәрбие беріп қоймай, ғылым мен саясатты, экономикалық және әлеуметтік, құқық қорғау салаларында ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер тек ауданымыздың ғана емес, бүкіл халқымыздың мақтанышы. Бұл көрініс қоғамдағы әйел азаматтардың рөлінің айтарлықтай арта түскенін тағы да дәлелдейді.
Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы – Әйел аналар қауымы! Қуаныш пен мейірімге толы мерекеге орай өмірімізге мән, тіршілігімізге сән беретін нәзік жандыларды 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, шаттық пен бақ-береке тілеймін!
Мереке құтты болсын!