Мереке қарсаңында ерлермен қатар ең қиын кәсіптерді меңгеріп қана қоймай қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүрген жандар туралы айтамыз. Солардың бірі барша қордайлықтарға жақсы таныс Ашимова Айман Серікқызы. Аудандағы үлкен шаруа қожалығын басқарып, облыстық мәслихаттың депутаты, «АMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі, Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы қызметін мінсіз атқарып жүрген жанның жолы қашанда мақтауға тұрарлық. Ал, осы жетістіктерге жетер жолда үлкен, тынымсыз еңбектің жатқанын аңғара бермейміз.
Ел батасымен шаруасы шалқыған Айман Серікқызы бала шағын нағашы апасы мен атасының қолында, аялы алақаны мен мейірімді жүрек шуағына бөленіп өскен. Нағашылары жиен немересіне қамқорлығы мен тәрбиесін бере отырып, өмірдің қатал заңына қарсы тұруға, тұлға болып қалыптасуына зор еңбек сіңіргенін айтады кейіпкеріміз.
Әрдайым өрелі ой қозғап, санаға салмақ салатын даналық сөзімен үлгі болатын аға ұрпақтың өнегелі жолы қашанда үлгі болып қалады.
«Әр адамға өзінің балалық шағы өте ыстық. Үлкен мұхиттай тұнық өмірдің шағын ғана бір бөлігі. Бірақ осы шағын бөлік қанша тамаша сәттерге толы. Менің осындай балалық балғын шағым жер жәннаты іспетті Үлкен Сұлутөр ауылында өтті. Өзіне тән терең тебіреністі табиғаты бар Үлкен Сұлутөр жайлы талай ақын-жазушылар жырлағаны рас. Жалпы, ауыл деген тамаша ғой. Міне, осындай киелі жерде өткен балалық шағым бақытты болды деп сеніммен айта аламын», — дейді А.Ашимова.
Оқушы Айман Үлкен Сұлутөр ауылындағы №39 орта мектептің табалдырығын аттап, тоғызыншы сыныптан соң аудан орталығы Қордай ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебіне ауысты. Зейіні мол болып өскен оқушы қатарластарының арасында білімімен дараланып, мектепті үздік аяқтаған.
Мектепті бітірген түлек И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетіне «Ағылшын тілі» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны да сәтті аяқтап шығады. Іргелі оқу орнында білікті оқытушылардан дәріс алды. Ұйымдастырушылық қабілеті, тиянақтылығы, жауапкершілігінің арқасында ұстаздарының мақтауына ие болды.
Затым әйел демей, қандай іске де білек сыбана кірісіп кететін, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, жауапкершілікті бірінші орынға қоятын Айман Серікқызы 2007 жылы қайын енесі Рыскүл Байдаулетқызы мен өмірлік жары Саят іргесін қалаған «Бай-Нұр» шаруашылық қожалығына басшылық етіп келеді. Жыл сайын мүйізді ірі қара малы бордақыланып, уақтылы ет комбинаттарына тапсырылады. Қазіргі таңда шаруа қожалығы өңірде мал басын асылдандыру және өсіру, азық дайындау бағыты бойынша жұмыс атқарып, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуда.
Ауданның әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін назарынан тыс жібермейтін жаны нәзік Айман Ашимова Қордай аудандық мәслихатының V, VI және VII шақырылымдарының депутаты болды. Қазіргі таңда VIII-шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты.
«Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» деген мағыналы сөздің дәлеліндей, Айман Серікқызы бәйтеректей жайқалған отбасында асыл жар, ардақты ана. «Алтын алқа» белгісінің иесі Алла берген жеті перзентін жолдасы екеуі «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп отыр.
Шаңырақтың тірегі, асқар тауы Жетыбаев Саят Байдаулетұлы бүгінде отбасылық бизнес «Бай-Нұр» шаруа қожалығының негізін қалаушы, «Жеті хан» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып келеді.
«Әр істің өзінің тартымды жақтары болады. Көзге қарағанда асыл тұқымды мал шаруашылығы машақаты көп болып көрінгенімен өте қызықты сала деп айта аламын. Тек істің көзін тапсаң жеткілікті. Жалпы, «Бай-Нұр» шаруа қожалығы бастапқыда отбасылық бизнес ретінде құрылды. Оның негізін қалаған Саят және мені келін ретінде емес, қызындай қабыл алып, көп қолдау көрсетіп, отбасылық өмірді үйреткен екінші анам Рыскүл. Күйеуім Саят көп ізденетін жан, соған қарап мен де үлгі алдым, жаңашыл бағыттарды қарастырдым. Әрине, қиын тұстары да болып тұрады, ондай сәттерде күйеуімнің өмірлік тәжірибесі, білімі мен біліктілігі, өмірлік ұстанымы маған серпін береді», — дейді отанасы.
Әрбір отбасы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, туыстарын біртұтас тұтастыққа біріктірген өзіндік дәстүрі мен салтын ұстанады. Айман ханым да отбасында тегіңді ұмытпау, ата-баба рухына тағзым, үлкенге — құрмет, кішіге — ізет секілді тәрбиені бере білді. Күнделікті өмірде бір дастархан басында жиналып, үлкеннің батасын алуды міндет деп санайды.
Иә, адамға бедел де, абырой да тынымсыз тірлігімен келеді. 2012 жылдан бастап Айман Серікқызы Жамбыл облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Сол арқылы облыста әйелдер көшбасшылығына демеу болу, бизнес бастаған әйел азаматтарға қолдау бойынша көптеген жұмыстар атқарып келеді. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Tomiris» әйелдер көшбасшылығы бойынша жобаға қатысқан. Облыс бойынша үздіктер ішінен іріктеліп өткен үш адамның бірі Айман Ашимова болды. Айта кетсек, «Tomiris» – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, сонымен қатар, «AMANAT» партиясы мен Konrad Adenauer (Конрад Аденауер) қорының қолдауымен жүзеге асырылған жоба. Ал, жақында Алматыда «Әлемді өзгертетін әйелдер» жаңа мүмкіндіктер мен сынақтар» атты V Еуразиялық әйелдер саммитіне шақыру алып, белсенді қатысушысы атанды. Халық қалаулысы ретінде қоғаммен етене болу, олардың мұң-мұқтажына қанық болып, қолдан келгенше қол ұшын созуда қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. «АMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау, халықтың қолайлы өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін мемлекет бағаны тұрақтандыруға, тауарлардың қажетті көлемімен қамтамасыз ету шараларына қатысу, облыста агроөнеркәсіпті дамытуды қолға алуды өзіне міндет санайды. Сондықтан болар сегізінші сайланған Жамбыл облыстық мәслихатының агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі. «Алтын алқа» иегері Айман Серікқызының ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі еленбей қалған емес. Бірнеше рет Қордай ауданы әкімдігінің Алғыс және Құрмет грамоталарымен марапатталса, 2011 жылы Қазақстан өнеркәсіп жетістіктері «Қарөткел-2011» жәрмеңкесінде «Байнұр» ШҚ арнайы дипломға ие болады. Сонымен қатар, облыс әкімінің, облыстық «Аманат» партиясының алғыс хаттарымен марапатталған. 2019 жылы Айман Серікқызы «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі» үшін арнайы төсбелгісіне ие болды. Сол жылы Қазақстан қой шаруашылығы мамандарының ІІ сьездінде Айман Ашимова басқаратын шаруа қожалық арнайы Дипломға ие болды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Айман Серікқызының кеудесінде «Сала мақтанышы» арнайы Орденімен қатар «Қазақстан Мәслихаттарына 20 жыл», «Аманат» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медальдары жарқырайды.
Ал, былтыр Айман Серікқызы Ресейдің Мәскеу қаласында халықаралық қоғамдық наградалар мен атақтар ұйымдастыру комитетінің ұйғарымымен «Еуразиялық мемлекеттік одағына сіңірген ерен еңбегі» үшін медаліне ие болды.
Байқасақ еңбек түбі – береке» деген мақал осы жанға арналғандай. Кәсіпкерлікте, қоғамдық жұмыста, отбасында үлкен беделге ие болып жүрген жанның алдағы уақытта жұлдызы жарқырай түсетініне кәміл сенеміз.