ЖОЛДАР ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тұрғындармен кезекті кездесуі 14 ақпанда Бетқайнар ауылдық округінде бастау алды. Әдетте өткен жыл қорытындыланып, ағымдағы жылға жасалған жос-парлар туралы айтылып, көкейтесті проблемалар көтерілетін кездесудің маңызы зор.  Округ құрамына кіретін, шалғайда орналасқан Соғанды ауылына алдымен ат басын тіреген аудан басшысы сол жерде шағын көшпелі кеңес өткізіп, мамандармен және ауыл үлкендерімен сөйлесті.

Қыс айларында болған қатты боран салдарынан Соғандыдағы бірқатар үйлер маңын қар басып қалған болатын. Аудан әкімі мамандардан қазіргі ахуалды сұрастырып, оның салдарын жою туралы ауыл әкімі мен жауапты мамандардың  жауабын тыңдады.  Сондай-ақ, ауыл азаматтарынан жалпы елді мекендегі көкейкесті мәселелер жайында сұрастырып, сол орында бірқатар жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Осыдан соң округ орталығы Бетқайнарға барып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді.

Аудан басшысы кездесуді жағымды жаңалықтармен бастап, биылғы жылы қос ауылда қолға алынатын жұмыстар жайына тоқталып өтті. Айта кетер болсақ, биыл Бетқайнарда қолданысқа берілген мәдениет үйінің маңы толықтай абаттандырылып, басқа қажетті жұмыстар атқарылатын болады. Қазақстан, Төле би және Қарасу көшелері толығымен жөндеуден өтпек. Сонымен қатар, Соғандыға балаларға арналған ойын алаңшасы салынып, ауылға ауыз су жүргізу үшін жұмыстар басталған. Ал, өзеннен өтетін көпірді ретке келтіру үшін жоба да жасалып қойыпты. Жақын арада қаржысы да бөлінбек.

Кездесу барысында сұрақ-жауапқа кезек берілген тұста ауыл азаматтары алдымен жайылым мәселесін көтерді.

-Президент тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару үшін былтыр бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мәселен, Бетқайнар ауылы бойынша 600 гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, Соғанды ауылы бойынша 3 мың гектар алқап қайтарылады деп күтілуде. Ал, сол мемлекет меншігіне өтіп кеткен жерді өзге шаруалар егіншілікке немесе басқа мақсатқа қолданатын болса міндетті түрде заң аясында шара қолданып, жауапкершілікке тартылатын болады, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Бетқайнар ауылы тұғындары көтерген сұрақтар қатарында газға төлемнің тым қымбат келуі, электр қуатының әлсіздігі, жиі өшуі, қаңғыбас иттердің көбеюі туралы шағымдар айтылды. Ол бойынша аудан әкімі заңды түрде қалай шағым жасау қажеттігі жайында түсініктеме берді. Ал, ауылдағы Мереке көшесін ретке келтіріп, тегістеу бойынша округ әкіміне тапсырма жүктелді.

Бетқайнарлықтар көтерген мәселелер қатарында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның тарлығы да сөз болды.  Аудан басшысы биыл амбулатория ғимаратына тұрғындар тілегіне орай кеңейту мақсатында қосымша ғимарат салынатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған Бегзат Болатбеков жалпы тұрғындарды ауыл тазалығына мән беруге шақырса, аудан басшысына ауылды әрдайым қолдап жүргені үшін жерлестері атынан алғысын жеткізген Дүйсехан Онгелдиев, жаңа мәдениет үйінде ауыл балаларын өнерге баулуды мықтап қолға алу қажет, деген ұсынысын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.