«ТАРИХТЫ ЖАСАЙТЫН – ХАЛЫҚ, САҚТАЙТЫН – АРХИВ»

0

Бүгінгі күнді түсіну үшін, болашақтың дидарын көзге елестету үшін кешегі кезге көз жүгіртуіміз керек. Ал сол кешегі кезең оқиғалары, тұрмыс-тіршілігі архивтерде сақталады.

Қордай аудандық мемлекеттік архивінің тарихына тоқталсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі алғаш рет  1987 жылы 8 қаңтарда Қордай ауданының Халық Кеңес депутаттары атқарушы комитетінің шешімімен «Қордай ауданының Халық Кеңес депутаттарының атқару Комитетінде жеке құрам бойынша шаруа есептік мұрағаты» болып ұйымдастырылды. Архивтің ашылуына байланысты, Шу облыстық мемлекеттік архив филиалынан жеке құрам  құжаттары 5000 (бес мың) сақтау бірлік істер алынды. 1994 жылы 22 сәуірдегі қаулы негізінде Абай атындағы мектеп-интернаттың жатақханасының ғимараты Қордай аудандық архивіне берілді.

Қазіргі таңда Қордай ауданының мемлекеттік архивінде 183 қорда 53392 сақтау бірлік құжаттары сақталуда. Сол сақтауда тұрған архивтік құжаттарға шолу жасайық.

1993 жылғы 26 мамырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ономастикалық комиссиясының шешімімен орысшаланған жер-су аттарын қазақшалау нәтижесінде Джамбул облысы — Жамбыл, Курдай ауданы — Қордай болып өзгертілді.

1990 жылдың 29 қазанында одақтың ыдырау нәтижесінде Қазақ ССР-і Қазақстан Республикасы болып, егемендігін жариялаудағы бірінші қадамын жасады. Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, партиялық билік жойылып, әкімшілік — аймақтық басқарудың жаңа жүйесі ене бастады. Жаңа меншік түрлері пайда болды. 1992 жылдың ақпан айынан бастап аудандық әкімдік құрылды.

Қордай ауданының мәслихатының 2003 жылғы 20 маусымдағы ХХІІІ сессиямен Қордай ауданының мемлекеттік архивінің эмблемасы бекітілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік сақтауда жеке тектік құжаттары да бар. Атап айтсақ, қазақ халқының дүлдүл ақыны, жыршысы, күміс көмей әншісі Кенен Әзірбаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Керден Қайың Керденұлы, Самаков Оразай Кокамбайұлы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Уәли Құрманғали Уәлиұлы, денсаулық сақтау үздігі Борибаева Кульмарам Қыстауқызы, Қордай ауданының Құрметті азаматы және Қазақстан Республикасының үздік статисті Джанбаева Алмагүл Астройқызы, Қордай ауданының Құрметті азаматтары Шупта Анатолий Андреевич, Франц Александр Тимофеевич және Қарамолдаева Баян Нәзікеқызының құжаттары сақтаулы.

Бұл ақпараттар архив қорында сақтаулы тұрған құжаттардың аз ғана көрінісі. Тамыры тереңде жатқан Қордайдың тарихын болашақ ұрпағымыз архив қорында тұрақты сақталатын көне естеліктерден танитын болады. Тың ақпараттарға толы Қордайдың мәдени құндылықтарын сақтау, тарихын дәріптеу, болашақ жасөспірімдердің патриоттық сезімін ояту, өткенді насихаттау үшін біз, архив қызметкерлері, тарихи құжаттарды сақтау жолында еңбек етудеміз.

 Әсел Абдылдаева, Қордай ауданының мемлекеттік архивінің архивисті

Leave A Reply

Your email address will not be published.