Инфрақұрылым кезең-кезеңмен шешімін табады

0

Бүгінде әлеуметтік желі халық пен биліктің тығыз қарым-қатынас орнатуына, түйткілді мәселелерді дер кезінде анықтап, оң шешімін табуға мүмкіндік беретін алаңға айналғаны рас. Бұл ретте аудандық басылымға да аудан тұрғындары жиі жазып, көкейіндегі сұрақтарын, өтініштерін жеткізетінін айта кеткен жөн.

Жуырда Ауқатты ауылдық округінің тұрғындарынан бірқатар сауалдар келіп түскен еді. «Шамшырақтың» тілшілері осы сұрақтарға жауап алу мақсатымен Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенбергенге хабарласқан болатын.

– Ауқатты ауылынан тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері қашан беріледі?

– Ауқатты ауылында тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру мақсатында инфрақұрылым жүргізу үшін (ауыз су, электр желісі) ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсында.

–  Қызылсай ауылы қашан сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі?

– Қызылсай ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа ауыз су құбырының ЖСҚ-сы әзірленіп, мемлекеттік сараптамада. Қорытындысы күтілуде.

– Балалардың қауіпсіздігі үшін Ауқатты ауылындағы мектептің алдына бағдаршам орнатылса?

– Ауқатты ауылында балалардың қауіпсіздігі үшін екі жерден бағдаршам орнатуға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсында.

– Вегетациялық кезеңде суармалы су тиісті көлемде жетпейді. Осы мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынады?

–  Вегетациялық кезеңде  шаруаларға суармалы судың тиісті көлемде жетуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы кесте әзірленетін болады. Су бөлу кестесін ең төменгі нүктеден бөлу жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

– Қызылсай ауылына су тоспасы қашан салынады?

– Қызылсай ауылына су тоспасын салуға 40 га арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. ЖСҚ әзірлеу үшін округтің теңгерімінен аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің теңгеріміне өткізілді.

– Ауқатты ауылына жол белгілері қашан орнатылады?

– 2023 жылы Ауқатты ауылында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, 96 жол белгісі орнатылды. Қалған көшелерге жол белгілерін орнату үшін ағымдағы жылы қаражат қарастырылды. Мамыр айында жұмыстар басталатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.