КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ

0

Тәуір болып келген сәуір аудан шаруаларының көктемгі дала жұмыстарын жандандыруына үлкен мүмкіндік жасап отыр. Қазір дала төсінде дүбірлі еңбек қызған шақ. Қыстың қамына қазірден кіріскен шаруалар жұмысы шаш етектен. Әр күнді зая кетірмей, қамданған диқандардың да дамыл көрмейтін уақыты.

Осы орайда аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сәйкес қазіргі таңда аталмыш сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталуды жөн көрдік.

Аудан бойынша егістік жер көлемі 137,4 мың гектар.  2024 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын   100,8 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарланған екен.  Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 63,6 мың га құрап отыр. Жекелей тоқталсақ, күздік бидай — 20,1 мың, жаздық арпа — 36,5 мың, дәндік жүгері — 7 мың, қант қызылшасы – 0,3 мың, картоп – 2,5 мың, көкөніс – 3,5 мың, бақша дақылдары – 0,3 мың, мал азығы дақылдары – 30,6 мың гектар алқапты құрайды.

Енді нақты атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек. Бүгінгі күнге ауданда көктемгі жер жырту, егін егу жұмыстары қарқын алған. 36 500 гектарға себілетін жаздық арпаның 26 237 гектары себіліп үлгерген.  3 500 га жоспарланған көкөніс қазіргі таңда 2 093 га, картоп 2 500 га, нақты себілгені 270 га, дәндік жүгері жоспары 7 000 га болса, нақты себілгені 353 гектар болған. Ағымдағы жылы егілген көп жылдық шөп жоспары 5 300 га, нақты себілгені 5 385 гектар болып, жоспардан асып түскен. Аталмыш жұмыстар жақын күндері толықтай аяқталуға жақын. Сонымен қатар, қант қызылшасын себу жұмыстары аудан алқаптарында басталған.

«Тәтті түбірді» қолға алған шаруаларға тоқталсақ. Бетқайнардағы «Сұлтан Бейбарыс» ШҚ — 50 га, «Бейбарыс Жер» — 40 га, «Макулбаев» ШҚ — 45 га, «Байзақ» ШҚ — 80 га, Сарыбұлақтағы «Азиз» ШҚ — 50 га, «Айша» ШҚ -110 га, «Самғау» ШҚ -100 га, «Сусамыр» ШҚ — 50 га, Қордай ауылындағы «Нива» ШҚ — 54 га, «Ұмтыл» ШҚ -15 га, Қақпатастағы «Жайсан и К» ШҚ — 38 гектарға қант қызылшасын себетін болады.

Ауыл шаруашылығы ұсынған мәліметке сәйкес қазір аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарына қажет ететін тұқыммен толығымен қамтылған. Дәндік жүгері мен сүрлемдік жүгері тұқымдары және қант қызылшасы тұқымын алу жұмыстарын «ALEM FGRO», «EXPLANTA» ЖШС-і және «Меркі» қант зауыты арқылы алуда екен.

Биыл арзандатылған жанар-жағармай беру бойынша да бірқатар өзгерістер жасалған. Мәселен, 2024 жылға аудан бойынша оператор «Wedo Energy» ЖШС-сы айқындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 69 шаруа қожалықтары «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы 869,36 тоннаға арзандатылған дизель отынына өтінім берген. Бекітілген 1 литр бағасы 245 теңге. Оны шаруалар өздері тасымалдайды. Ал, егер 250 теңгеге келіссе оператор тиісті жеріне жеткізіп береді. Қазіргі таңда 29 ШҚ – 337 тн дизель отынын алып үлгерген.

Мықты техникасыз шаруаның жұмысы бітпесі анық. Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 1 122 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда екен. Атап айтсақ, 641 трактор, 154 соқа, 150 қопсытқыштар, 154 дән сепкіштер және 23 тұқым дәрілегіш техника жұмылған.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.