Дүйсенбі күні «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Даму қоры» АҚ мекемелерінің өкілдері Қордай ауданының шаруа қожалық басшыларымен жиналыс өткізді.
Жиынға «Аграрлық несие Корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы филиалы директорының орынбасары Б.Таджибаев, «Даму қоры» АҚ бас менеджері Б.Рахимбердиев, «Аграрлық несие Корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Н.Алимбаев және аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары мен ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі шаруа қожалық басшылары қатысты.
«Аграрлық несие Корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы филиалы директорының орынбасары қордайлық шаруаларға 5% жеңілдетілген несиені алу жолдарын кеңінен түсіндіріп берсе, «Даму қоры» АҚ бас менеджері несиені қамтамасыз ету құрылымында «Даму» АҚ шаруалар қойған кепілдігінің 85% қандай жағдайда төленетіні туралы айтып берді.
Өз кезегінде шаруа қожалық басшылары мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысты сұрақтар қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Айта кетейік, жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру жоғары сапалы жұмыстарға, соның ішінде топырақты дайындауға және ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсетуге, қажетті материалдарды, тұқымдарды, тыңайтқыштарды сатып алу үшін қажет.