Цифрлық шешімдерді, IТ технологияларды пайдалану бүгінде әлем елдерінің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде маңызды рөлге ие. Алматыда өткен Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің цифрлық үкіметін дамытуға арналған конференцияда Корея Республикасының үкіметі қаржыландырып отырған «Цифрлық трансформация мен цифрлық басқаруды ілгерілетудегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру» жобасының 3 жылдық кезеңі таныстырылды.
Бұған дейін 2021–2023 жылдар аралығында жүзеге асқан жоба барысында қатысушы елдер мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы тың тәжірибелерге негізделген зерттеулер нәтижесін бөлісіп, конференциялар, семинарлар және оқыту бағдарламаларын өткізген болатын. Жоба осы кезеңде Кавказ және Орталық Азияның 200-ге жуық мемлекеттік қызметшісі үшін тиімділігін көрсетті. Ендігі кезекте Астана мемлекеттік қызмет хабы мен БҰҰ Даму бағдарламасы, Корея Республикасы ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша Ұлттық агенттігі (NIA) жоба мерзімін тағы да үш жылға ұзартып, географиясын кеңейтіп, жобаға қатысушы елдің саны 12-ге жетті.
Конференцияны БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ашып, әлемде цифрлық технологиялар даму құралдарының түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты. «Жаңа бастама Корея тәжірибесін пайдаланып, цифрлық трансформацияны ілгерілетуді көздейді. Білім, озық тәжірибелер, зерттеулермен алмасу қатысушы елдердің мемлекеттік қызметкерлері үшін басқару жүйесінің цифрлық трансформациясын бағдарлауға және қызметтерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді», деді БҰҰДБ өкілі.
Жиын барысында ЭЫДҰ цифрлық үкімет индексі рейтингінде әлемдік көшбасшы саналатын Корея сарапшылары стратегиялар мен инновацияларды, сондай-ақ заңнамалық қырларын таныстырды. Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) Цифрлық үкімет пен инновациялар офисінің цифрлық қауіпсіздік саясаты бөлімі директоры Вон-Габ Джо жобаның өткен үш жылдағы жетістіктеріне тоқталды. Вон-Габ Джоның айтуынша, бүгінде цифрлық трансформацияда айтарлықтай жетістікке жеткен елдер тәжірибесімен бөлісу арқылы әр елдің мемлекеттік қызмет көрсету саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл бағытта Корея үкіметі цифрлық платформа және тиімді басқарудағы тұжырымдарымен, жетістіктерімен бөлісуге дайын.
Мемлекеттік басқарудың маңызды құралы – цифрландыру мемлекеттік басқаруда әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, шешімдер қабылдауды жетілдіруге, өзекті мәселелерде инновацияларды пайдалануға ықпал ете отырып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын, азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда қазіргі кезде әрбір ел өздігінен тәжірибе жинақтап, өз жолымен жүріп келеді. Бірақ адамзат жетістіктерін тиімді пайдаланып отырған көшбасшы елдердің тәжірибесінен үйренетініміз көп. Бұл бағытта жобаға қатысушы елдер өзгелердің үздік тәжірибесін зерделеп, өзіне керегін алатыны анық. Бүгінде Корея, Эстония, Дания сияқты көшбасшы елдер тәжірибесі аймақ елдеріне үлгі.
– Осыдан үш жыл бұрын Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Корея арасындағы келісімге сәйкес Орталық Азияның төрт мемлекетімен цифрлық басқару жобасы іске асқан болатын. Осы жоба барысында Корея, Сингапур, Эстония секілді дамыған цифрлық технологиялары бар мемлекеттердің үлгісі зерделенді. Нәтижесіне қарап, Кавказ, Орталық Азиядан басқа Тынық мұхит елдерінен тағы бес мемлекет қосылып, жобаны тағы да үш жылға созу көзделіп отыр. Жоба аясында озық елдердің электронды үкіметті дамытудағы архитектурасы, тұжырымдамалары, стратегиялық жолдары сараланатын болады. Озық тәжірибелер бүгінде әлем елдерін алаңдатып отырған жемқорлыққа қарсы күресте, сондай-ақ халыққа қызмет көрсетудегі озық тәжірибелерге арқа сүйейді. Осының нәтижесінде әр ел мұқтаж бағыттар бойынша пікір алмасып, өз үкіметтері тәжірибесінде пайдаланады, – деп атап өтті Ә.Бәйменов.
БҰҰ индексінде Қазақстан халыққа цифрлық қызмет ету тұрғысынан алғашқы отыз елдің қатарында тұр. Десек те, цифрлық индексте бізден артта қалған Балқан түбегіндегі елдерден үйренетін тұстарымыз бар, дейді Әлихан Бәйменов. Оның айтуынша, бұл елдегі кадастр жүйесінің цирфлануы жер меншігіне қатысты деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Словенияда цифрлық қаржылық транзация жүйесіне назар аударған абзал. Ал Кореяның азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобасы цифрлық технологияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде жүзеге асып отыр. «Анян қаласында кішкентай балаларға, қарттарға көшеде қауіп төнетін болса, қалтафонда жүктелген апликейшннің көмегі арқылы тиісті органға дереу дабыл жетеді. Қалтафон қаншалықты қатты шайқалған сайын арнайы мониторда қызыл нүкте пайда болып, тіркелген азаматтың аты-жөні көрсетіледі. Сол сәттен ол тұрған маңға ең жақын камералар бұрылып, полиция көлігі дереу көмекке жетеді. Мұндай мысалдар блокчейннің игілігін көріп отырған бірқатар елдер тәжірибесінде көп кездеседі. Әсіресе жер телімдерін беру, мемлекет тарапынан пәтермен қамтамасыз етуде, мектеп пен балабақшаларға орналастыруда блокчейн жемқорлықтың жолын кесетін цифрлық мүмкіндіктің бірі болмақ» дейді Ә.Бәйменов.
Бүгінде әлем елдерінде жақсы нәтиже көрсетіп отырған цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану экономиканың дамуына, азаматтардың өз құқығын кеңінен пайдалануына ықпалын тигізетіні сөзсіз.