АДАЛ ЖАР, АЯУЛЫ АНА ӘРІ АРДАҚТЫ ӘЖЕ

0

Еңбек адамы дегенді естігенде не келеді ойымызға? Әрине, еліне, ұрпағына, айналасындағыларға үлгі боларлықтай адамның бейнесі көз алдымызға елестейді. Міне, бүгін сондай үлгілі жандардың бірі жайлы әңгіме өрбітсек деп едік.

Фатима Мырзахметқызы Нусупованы ауданда көпшілік жақсы таниды. Өмірінің басым бөлігін ұстаздық қызметке арнаған кейуананың шәкірттері бүгінде еліміздің әртүрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр. Аяулы ұстазға деген алғыс сезімдерін жасырмайтыны да рас.

Әу, бастан бастар болсақ, Ф.Нусупова 1949 жылы 29 маусымда бұрынғы Красногор ауданының Көктөбе ауылында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Сол жерде болашақ өмірлік серігі Сағат Алдабергенұлын кезіктіріп, 4-курста оқып жүргенде отау құрады. Осылайша, ұстаздық еңбек жолы 1970 жылы Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте басталады.

Фатима Мырзахметқызы әйел рөлін атқарып қана қоймай, еліне қызмет етіп, күйеуіне адал жар бола білетін жан. Мәселен, ол отағасы қызмет бабымен қайда ауысса да, жанынан табылатын. Ең соңғы ұстаздық еңбек еткен Қордай ауылындағы №47 орта мектептен зейнет демалысына шықты.

Кейуанамыз алтын құрсақты көп балалы ана. Өмірлік жары Сағат Алдабергенұлымен бірге төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысы жоғары білім алуына барынша атсалысып, өмірде өз жолын табуы үшін бар күш-жігерін салды. Осылайша, үлкен ұлы Мұрат Астанадағы әскери академияда еңбек етіп жүр, бүгінге жеткен шені – полковник. Одан кейінгі қызы Бақыт Тараздағы Жамбыл облыстық офтальмология орталығында бас дәрігер қызметінде еңбек етеді. Рашид жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Отбасындағы төртінші бала Сәкен Алматыдағы кеден комитетінде, ал кенжесі Сержан Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық комитетінде ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуде.

Әрине, өмірге ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген әрбір ата-ананың арманы немере ғой. Бүгінде бүтін бір әулетке айналған Сағат Алдабергенұлы мен Фатима Мырзахметқызы отбасындағы көз қуаныштарына айналған жиырма шақты немере мен оншақты шөбересі ата-әжесінің өнегелі тәрбиесімен өсіп келеді.

Айтпақшы, кейіпкеріміз бүгін 75 жас мерейтойын атап өтуде. Бала-шағасы, құда-жекжат, туған-туыс ортасында анамызға құрмет көрсетілмек. Мерейтой иегеріне мықты денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір және қуанышты күндеріңіз көп болсын деп тілейміз.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.