Өнер өлкесінде ту тіккен әнші

0

Мұзбалақ ақын Мұқағалидің жырын сүйсініп оқымаған қазақ жоқ шығар. Әсіресе Алматы өңірі ақынның өлеңдерінен байқау ұйымдастыруды жақсы үрдіске айналдырған. Сол дәстүрлі байқау биыл ақынның 90 жылдығына орай республикалық деңгейде ұйымдастырылып, оған еліміздің әр түкпірінен таланттарды топтастырған. Оған Жамбыл өңірінен аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Мәди Шекербек қатысып, аймақ абыройын асқақтатып қайтты.

 Мәди аудандық Мәдениет үйінің белді әншісі. Осыған дейін талай додада топ жарған ол, тек республикалық байқауларда емес халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы. Әкенің қаны мен ананның ақ сүтінен дарыған бұл өнер оны мектеп жасынан өнер өлкесінен өзіндік орын табуға жетелеген. Тараз қаласында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің аспапта орындаушылық және эстрада факультетін аяқтаған. Бұл білім ордасынан үйренгені көп Мәди аудандық Мәдениет үйіне қызметке келеді. Ол кезде не бәрі жиырма жасар әнші түрлі аспапта орындаушылық өнерімен көзге түседі. Ән таңдауда талғамы зор өнер иесінің ноталарды нақ ұстайтын кең дауысы талайды тәнті етіп, алғашында аудандық түрлі байқауларға қатысады. Облыстық деңгейде оза шапқан оған ендігі республикалық байқауларға жолдамалар түседі. Халықаралық ән байқауларда ел намысын қорғап Түркия және Македония елдерінде болып, жеңіспен оралады. Осылайша, ән өнерімен көпшіліктің көзайымы болған Мәдиға Хан Тәңірінің мұзбалағы саналған Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» республикалық байқауына шақырту түседі. Бұл байқауға облыс атынан сынға түскен жерлесімізге оңай соқпағаны анық. Биыл ақынның мерейтойы қарсаңда жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған ән додасына небір дүлділдер қатысқан болатын. Байқау эстрадалық, дәстүрлі ән деп аталатын екі номинация бойынша ұйымдастырылған. Ән додасына еліміздің 14 облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 82 өнерпаз онлайн қатысып, қорытынды сынға көмейлеріне бұлбұл ұя салған 20 үміткер жолдама алған. Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттауды міндет еткен қатысушылардың өнерлерін қазақ руханиятының өркендеуіне еңбек етіп жүрген қазылар алқасы саралады. Осылайша, әншілер бар өнерлерін сарп етіп, Тәңір тарту еткен таланттарын ортаға салып, жүзден жүйрікті, мыңнан тұлпарды анықтады. Мәди эстрада номинациясында бақ сынап, ақынның әйгілі «Күрең күз» өлеңіне жазылған әнді орындайды. Мәресіне жеткен байқау қорытындысында облыс намысын қорғаған Мәди Шекербек үшінші орынды қоржынға салды. Құттықтаймыз!

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.